Қоғам үніне айналған журналист

Қоғам үніне айналған журналист

Абай облысындағы телевизия тарихын сөз еткенде, оның дамуына сүбелі үлес қосқан журналист, шебер ұйымдастырушы әрі кәсіби тәлімгер — Сайра Қажыоспанқызы Нүсіпбаеваның есімі ерекше аталады.

Ол 1966 жылы бұрынғы Семей облысы, Мақаншы ауылында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, радио және телевидение мамандығы бойынша тәмамдаған соң, 1990 жылдан бастап бүгінге дейін «Semei» телеарнасында үздіксіз қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда арнаның бас редакторы қызметін атқарып отырған Сайра Қажыоспанқызы 35 жылдық еңбек жолында отандық журналистиканың дамуына үлкен үлес қосты.

Оның шығармашылық қоржынында «Әлем таныған Әуезов», «Дарабоз», «Ұранымыз – Алаш...», «Бейбітшілік миссиясы», «Қала бар Семей деген...» сияқты деректі телефильмдер мен «Қала және қалалықтар», «Абай әлемі», «Көкейкесті», «Жетішатыр», «Тұлға» сынды бағдарламалар бар. Ол аймақаралық телекөпірлердің де бастамашысы болды. 1998–2003 жылдары «Хабар» агенттігіне сюжеттер дайындап, ЮСАИД жобалары аясында әлеуметтік бағыттағы хабарлар әзірледі. Сонымен қатар республикалық басылымдарда мақалалары жиі жарияланып тұрады.

Қоғамдық қызметтен де шет қалмаған Сайра Қажыоспанқызы — ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Семей қалалық қоғамдық кеңестінің белсенді мүшесі. Көп жылғы еңбегі еленіп, ол ҚР «Ақпарат ісінің үздігі» атағына, «Абай», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілеріне, ШҚО ақсақалдар кеңесінің Алғыс хатына және «Семей қаласын дамытуға қосқан үлесі үшін» марапатына ие болды. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі мен корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті ақпараттық насихаттағаны үшін Еуразия қоры мен АҚШ-тың Қазақстандағы сауда палатасынан арнайы сертификат алды.

Қазақстан Президентінің 2025 жылғы 24 маусымдағы Жарлығына сәйкес еліміздің журналистика саласының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін Сайра Қажыоспанқызы мемлекеттік "Құрмет" орденімен марапатталды.

Сайра Қажыоспанқызы — журналистикадағы заманауи талаптарды жетік меңгерген, жас мамандарға бағыт-бағдар беруден жалықпайтын білікті тәлімгер. Ол көптеген жас журналистердің ұстазы. Оның еселі еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі. Ақпарат майданында адал еңбек етіп келе жатқан кәсіби журналистің жолы әрдайым жарқын болсын деп дейміз.


#мереке, #БАҚ, #журналистика