Ерікті қоныс аударушылар саны артуда
Абай облысына 2024 жылы «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы аясында 530 адам көшіп келді. Олардың 310-ы Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан және Алматы, Жетісу, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарынан қоныс аударған. Сондай-ақ ҚХР, Моңғолия, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресей елдерінен 220 қандас тарихи атамекеніне оралды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік қолдау шаралары аясында 503 адамға көшу шығыстарын өтеу үшін бір реттік материалдық көмек көрсетіліп, 152 отбасының тұрғын үй жалдау және коммуналдық шығындары өтелді. 112 отбасына тұрғын үй сатып алуға экономикалық ұтқырлық сертификаты берілді. Сертификат сомасы бір отбасына тұрғын үй құнының 50 пайызы яғни 1160 АЕК-тен аспайтын мөлшерде болады.
«Жаңа тұрғылықты жерінде ерікті түрде өңіраралық қоныс аударуды қолдау аясында мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтар болсақ, көшуге бір реттік материалдық көмек беріледі. Бұл отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК құрайды. Қоныс аударушылар мен қандастарға қажет болған жағдайда техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберіледі. Сондай-ақ, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу шаралары көрсетіледі», - дейді Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек.
Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстары төленеді. Қалаға қоныс аударғандарға бір адам үшін 20 АЕК, отбасы мүшелерінің саны 2-4 адам болса - 25 АЕК, отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болған жағдайда 30 АЕК. Ал ауылға көшіп келгендерге бір адамға 15 АЕК, отбасы мүшелерінің саны 2-4 адам болған кезде 18 АЕК, отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болған жағдайда 21 АЕК төленеді.
2025 жылы «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы шеңберінде 499 адамға (244 қандас, 255 қоныс аударушы) қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы жоспарланған.