Биыл Абай облысына 500-ге жуық адам көшіп келді
2025 жылға арналған ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы шеңберінде Абай облысына 499 адамға квота бекітілген. Оның 244-і қандастар, 255-і жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударушылар. Облыстағы 331 елді мекеннің 316-сы қабылдау аумағы ретінде айқындалған. Бүгінгі таңда өңірге 419 адам қоныстанды. Оның 198-і қандастар, 221-і ішкі қоныс аударушылар. Ішкі миграция бойынша облысқа негізінен Астана қаласы, Түркістан, Жетісу және Алматы облыстарынан азаматтар қоныс аударуда. Қандастар Моңғолия, Қытай және Өзбекстан елдерінен көшіп келіп жатыр.
Бағдарлама аясында келушілерге жалпы 226 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Мемлекеттік қолдау шаралары бойынша отағасына және отбасы мүшелерінің әрқайсына 70 АЕК көлемінде бір реттік көмек, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді өтеу үшін 15-30 АЕК көлемінде төлемдер, тұрғын үй сатып алуға 50% мөлшерінде, бірақ 1160 АЕК-тен аспайтын көлемде сертификат беру қарастырылған.
Қоныс аударушылар мен қандастар қажет болған жағдайда қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберіліп, жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 95 адам жұмыспен қамтылды.
«Еңбек ұтқырлығын арттыру мақсатында ақпараттық жұмыстарды күшейту жөніндегі Жол картасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама аясында Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Шымкент, Алматы және Астана қалаларында қоныс аудару жәрмеңкелері өткізілді», - дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек.
2023 жылы көші-қон саясатын іске асыру шеңберінде Семей қаласында бейімдеу және интеграция орталығы ашылды. Орталық қоныс аударушылардың жаңа ортаға бейімделуіне жәрдемдеседі. Оның ішінде қандастарға қазақ тілі мен жазуды оқытатын арнайы бағдарламалар қарастырылған.