ҚАЗАҚСТАНДА ҚУАТЫ 300 МЫҢ ТОННА ЗАМАНАУИ МЫС БАЛҚЫТУ ЗАУЫТЫН САЛУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ
Астанада Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектеновтың қатысуымен қуаты жылына 300 мың тонна мыс балқыту зауытының жобасы жөніндегі тарихи келісімге қол қойылды. Келісімге тапсырыс беруші ретінде «KAZ Minerals Smelting» ЖШС, технологиялық жабдықты жобалау және сатып алу қызметтерін көрсетуші ретінде China Nonferrous Metal Industry's Foreign Engineering and Construction Co., Ltd. (NFC) компаниясы және құрылыс пен іске қосу-баптау жұмыстарының мердігері ретінде «NFC Kazakhstan» ЖШС қол қойды.
бойынша құны $1,5 млрд болатын жобаның жұмысы кезінде 1000 астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жобалық қаржыландырудың 70% Қытайдың қаржы институттарынан NFC компаниясы алған қарыз қаражат, 30% - бірлескен кәсіпорынның жеке капиталы. Іске қосу мерзімі – 2024-2028 жылдар. Шикізат көзі - Бозшакөл және Ақтоғай КБК, «Шығыстүстімет» ЖШС кен байыту фабрикаларының мыс концентраты. Мыс балқыту зауытын салу жобасының арқасында Абай облысының Аягөз ауданы әлемдегі ең ірі мыс кеніштерінің бірін және соңғы жарты ғасырда Қазақстанда ауқымы жағынан теңдесі жоқ заманауи балқыту өндірісін біріктіретін мысты өңірге айналады. Кәсіпорын Қазақстанға инвестициялар тартуға мүмкіндік беріп, жаңа технологиялар мен білімді игеруге, құрамында мыс бар шикізат пен катодты мысты өңдеу саласындағы нарықтың ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыруға, логистика шығындарын үнемдеуге және салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Бұл еліміз үшін тарихи оқиға. Бүгін қол қойылған келісім өте ауқымды құрылысты бастап, Ақтоғай мен Бозшакөл сияқты әлемдік деңгейдегі кеніштерден кейін Қазақстанда заманауи мыс балқыту зауытын салып, шикізатымызды Қазақстан аумағында өңдеуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл жоба үкіметтің және түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың елде жоғары технологиялы өндірісті құру бағытындағы күш-жігерінің арқасында мүмкін болды», - деді KAZ Minerals Тобы Директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук.