Қазақстандық әскерилердің жалақысы мен зейнетақысы қанша өсетіні белгілі болды

Қазақстандық әскерилердің жалақысы мен зейнетақысы қанша өсетіні белгілі болды

Қазақстанда әскери қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесіне өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес алдағы екі жылда әскери қызметкерлердің жалақысын орта есеппен 50% дерлік арттыру көзделіп отыр. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі  Stan.kz сілтеме жасап хабарлайды. 

Үкімет әскери қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсартудың кешенді бағдарламасын ұсынды. Құжаттағы ең маңызды мәселе – алдағы уақытта жалақының көтерілуі.

"Қазақстанның Әлеуметтік кодексінің 220-бабына (Міндетті зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдерін алу құқығы) сай, еңбек өтілі бойынша әскери зейнеткерлерге өмір сүру жағдайын жақсарту және емделуге ақы төлеу үшін қалған зейнетақы жинақтарын толық көлемде біржолғы пайдалану құқығы беріледі. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жетекшілігімен жаңадан зейнеткерлікке шыққан әскери қызметкерлердің еңбек өтілі бойынша зейнетақы төлемдерін қазіргі 50-65 пайыздың орнына 60-75 пайыз мөлшерінде ұлғайту мәселесі қарастырылып жатыр”, – делінген премьер-министрдің хабарламасында. 

Сондай-ақ әскери қызметкерлерді материалдық ынталандыру мәселелері де қарастырылып жатыр дейді. 

“Әскери қызметкерлерді материалдық ынталандыру мақсатында 2024 жылы 27 қыркүйектегі Қазақстан үкіметінің қаулысымен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу көзделген. Оған сай екі жылда (2025-2026) әскери қызметкерлердің лауазымдық жалақысы орташа есеппен 48,2% кезең-кезеңімен өседі. Бірінші кезеңде офицерлердің жалақысы 20,3%, қатардағылар мен сержанттардың жалақысы 33,9% өседі. Екінші кезең қосымша ұлғайтуды көздейді: офицерлер үшін 23%, қатардағы және сержант құрамдағылар үшін 10%”, – делінген хабарламада. 

Құжаттағы мәліметке сәйкес, жалақының бұлай көтерілуі мемлекеттік құпиямен жұмыс істегені үшін сыйлықақылар, денсаулық сақтау және зейнеткерлік жәрдемақылар сияқты барлық байланысты төлемдердің өсуіне әкеледі.

"Бұл ретте мүдделі мемлекеттік органдарға коммуналдық қызметтерді 50 пайыз көлемінде өтеу, далалық төлемдерді жүзеге асыру, әскери қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелеріне жылына бір рет демалыста отбасымен пойыз арқылы басқа жерге барып-қайту, сондай-ақ қалалық, қала маңындағы және жергілікті қозғалыстағы қоғамдық көлікте тегін жүру мәселелерін пысықтауды тапсырдым", – деді премьер-министр.

Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, әлеуметтік қамсыздандыру аясында әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің көбі республикалық бюджеттен тұрғын үй төлемдерін алады. Биыл бұл сома 118,5 миллиард теңге. Бұл төлемдер баспана сатып алуға, оны жалға алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталғаны атап өтілді.

Еске салайық, наурыз айында Қорғаныс министрлігі қазақстандық әскерилердің жалақысын қайта қарағалы жатқанын хабарлаған еді. Ол кезде департаменттің мәліметінше, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер орта есеппен 150 мың теңге жалақы алған. Сонымен қатар түрлі әлеуметтік төлемдер де алатын.

Осы жылдың қаңтарында Мәжіліс депутаты Константин Авершин қазақстандық әскерилердің жалақысы соншалықты төмен екенін айтты. Сөзінше, олар жалақысы аз болған соң такси қызметін атқаруға мәжбүр болған.

Бұл сынға Қорғаныс вице-министрі Сұлтан Камалетдинов жауап беріп, бұл жағдайды "ұят" деп атап, әскерилердің жалақысының төмен болуы ұлттық мәселе екенін жеткізген. 


#әскери, #зейнетақы, #жалақы