Биыл Қазақстан жаңа Конституция жағдайында өмір сүріп жатқан мемлекет ретінде дамудың кезекті кезеңіне қадам басты.
Конституция – бұл тек заңгерлерге арналған құқықтық құжат емес. Ол – әрбір азаматтың күнделікті өміріне әсер ететін негізгі құндылықтар жиынтығы. Отбасындағы сыйластықтан бастап, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына дейінгі барлық қатынастардың түп негізінде Конституция қағидаттары жатыр.
Конституцияның 1-бабында еліміздің ең басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені айқын жазылған. Бұл қағида мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Заңды құрметтеу, өз міндетін адал атқару, бір-біріне құрметпен қарау – Конституция талаптарының өмірдегі көрінісі.
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде айқындалды. Президент атап өткендей, «Заң мен тәртіп – құқықтық мемлекеттің берік негізі». Бұл қағидат еліміздің ішкі саясатының негізгі бағыттарының бірі ретінде де бекітілді.
Заң үстемдігі тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес. Ол әр азаматтың күнделікті әрекетінен басталады. Жол қозғалысы ережесін сақтау, қоғамдық орындардағы тәртіп, салықты уақытында төлеу, табиғатты қорғау, өзгенің еңбегін құрметтеу – мұның бәрі құқықтық мәдениеттің көрсеткіші.
Әсіресе мемлекеттік қызметшілер үшін Конституция талаптарын сақтау – кәсіби міндет қана емес, азаматтық жауапкершілік. Халық мемлекет туралы ең алдымен мемлекеттік қызметшінің іс-әрекетіне қарап пікір қалыптастырады. Сондықтан мемлекеттік қызметтің сапасы халықтың мемлекетке деген сенімімен тікелей байланысты.
Президент ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы да осы құндылықтарды толықтыра түседі. «Адал азамат» – заңды құрметтейтін, еліне жанашыр, еңбекқор, білімге ұмтылатын және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін тұлға. Мұндай азаматтар көбейген сайын қоғам да нығая түседі.
Бүгінде бұл қағидаттарды жүзеге асыруда жастардың рөлі ерекше. Құқықтық сауаттылық мектептен, колледжден, жоғары оқу орындарынан басталады. Заңды білу ғана жеткіліксіз, оны құрметтеу мәдениетін қалыптастыру маңызды. Өйткені заңға құрмет – мемлекетке құрмет.
Соңғы жылдары кеңінен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасы да осы ортақ құндылықтарға негізделген. Бұл – тек сенбілік өткізу немесе ағаш отырғызу емес. Бұл – қоғамдық кеңістікті таза ұстау, туған жерге жанашырлық таныту, мемлекеттік мүлікке ұқыпты қарау, вандализмге жол бермеу және ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Мемлекеттің ішкі саясатындағы негізгі қағидаттардың бірі ретінде «Таза Қазақстан» азаматтардың жауапкершілігін арттырып, қоғамда жаңа этиканы орнықтыруға бағытталған.
Облысымызда да бұл бастамалар нақты істер арқылы көрініс табуда. Аула мен көшені таза ұстау, қоғамдық орындарды күтіп-баптау, табиғатты қорғау, жастардың экологиялық акцияларға қатысуы – мұның бәрі туған жерге деген жанашырлықтың белгісі. Осындай қарапайым істердің өзі қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік мәдениетін нығайтады.
Конституция бізге құқықтармен бірге міндеттер де жүктейді. Конституцияның 34-бабына сәйкес әрбір азамат Конституция мен заңдарды сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Бұл талап қоғамдағы өзара сенім мен келісімнің басты кепілі болып табылады.
Әділетті Қазақстанды заңдардың өзі емес, сол заңдарды құрметтейтін адамдар қалыптастырады. Сондықтан әрқайсымыз «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын күнделікті өмір салтымызға айналдырсақ, Конституцияның құндылықтары шынайы өмірде жүзеге асады.
Өйткені мықты мемлекет – ең алдымен заңға құрметпен қарайтын, адал еңбек ететін және туған жеріне жанашыр азаматтардан құралады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті






