Үржардағы ерекше балаларға арналған орталықтың мүмкіндігі кеңейді

Үржардағы ерекше балаларға арналған орталықтың мүмкіндігі кеңейді

Үржар ауданында әлеуметтік орталық жанынан салынған қосымша ғимарат пайдалануға берілді,- ,деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты. 

«Үржар ауданындағы балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ 2011 жылдан бері ерекше балаларға қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі таңда орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Жартылай стационар жағдайында 51 бала қызмет алуда. Орталықтың негізгі мақсаты – балалардың әлеуметтік бейімделуіне, денсаулығын қалпына келтіруге және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау.

2025 жылдың маусым айында мекеменің әкімшілік ғимаратында жалпы құны 72,5 млн теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде алты ойын бөлмесі мен дәліздер толық жаңартылып, заманауи талаптарға сай жабдықталды. Балалардың дамуына және бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырылды. Орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы маңызды жобалардың бірі – екі қабатты қосымша корпустың құрылысы. Жобаның жалпы құны 469,1 млн теңгені құрады. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталып, 2026 жылдың маусым айында толық аяқталды. 

Жаңа корпустың пайдалануға берілуі бұрыннан шешімін күткен маңызды мәселені жойды. Бұған дейін медициналық блок пен асхана негізгі корпусқа дейін 170 метр қашықтықта орналасқандықтан, балалар күн сайын бір ғимараттан екінші ғимаратқа қатынауға мәжбүр болатын. Әсіресе қыс мезгілінде бұл олардың қауіпсіздігіне кері әсер етіп, қолайсыздықтар туғызатын.  Жаңа ғимаратта бүгінде 60 орындық асхана, медициналық және оңалту кабинеттері, емдік дене шынықтыру және физиотерапия бөлмелері, массаж кабинеті, дәрігерлер кабинеттері, медициналық кабинет, оқшаулау бөлмесі, шағын тренажер залы, конференц-зал және әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау кабинеті орналасқан. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қозғалуына арналған арнайы көтергіш орнатылған.

Абай облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек жобаның ерекше балалардың өмір сапасын жақсартуда маңызы зор екенін атап өтті.

«Ерекше балалардың толыққанды дамуы мен қоғам өміріне белсенді араласуы үшін қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Үржардағы орталықтың жаңа корпусы балаларға көрсетілетін әлеуметтік, медициналық және оңалту қызметтерінің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді басқарма басшысы.

Жоба нәтижесінде әлеуметтік, медициналық және оңалту қызметтері бір кешенге біріктіріліп, балалар үшін қолжетімді әрі қауіпсіз орта қалыптасты. Бұл өз кезегінде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, оңалту үдерісінің тиімділігін күшейтті. Алдағы уақытта орталықта иппотерапия, адаптивті дене шынықтыру (АФК), парафинотерапия, галотерапия, буын қозғалысын жақсартуға арналған арнайы құрылғылар мен заманауи оңалту тренажерларын енгізу қажеттілігі бар. Бұл қызметтер балалардың денсаулығын нығайтып, олардың әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді. Ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін қолдау мен қамқорлық – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты. Үржардағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жүзеге асырылған жұмыстар осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі. Жаңартылған орталық пен жаңа корпус балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға қызмет етеді. 


#Абай облысы, #Жұмыспен қамту, #балалар