Абай облысында үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Абай облысында үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Абай облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов төрағалық еткен жиынға кеңес мүшелері, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты. Отырыс барысында бірнеше өзекті мәселе көтерілді.

Абай облысы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Мейірбек Нұрекеновтың айтуынша, бұл жұмыс «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жалғасуда.

– Жыл басынан бері жастар арасындағы қылмыс деңгейі төмендегеніне қарамастан, мүліктік сипаттағы құқық бұзушылықтар басым болып отыр. Негізгі қауіп факторлары – жастар арасындағы жұмыссыздық, олардың әлеуметтік жағдайы, сондай-ақ интернет арқылы есірткі таратуға байланысты қылмыстар. Осыған байланысты профилактикалық жұмысты күшейту, жастарды жұмыспен қамту шараларын арттыру және олардың құқықтық сауаттылығын көтеру маңызды, – деп атап өтті ол.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – волонтерлік қозғалысты дамыту. Абай облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев бұл бағыт өңірде жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті.

– Қазіргі таңда облыста 5 мыңнан астам жасты қамтитын 43 ұйым мен бастамашыл топ жұмыс істейді. Үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен бірлескен әлеуметтік және экологиялық жобалар жүзеге асырылуда. 2026 жылғы Халықаралық волонтерлер жылы аясында «ERTIS VOLUNTEER FORUM-2026» өткізу жоспарлануда. Негізгі мақсат – волонтерлікті тұрақты қоғамдық институт ретінде қалыптастыру, – деді ол.

Отырыс барысында жастармен жүйелі жұмыс жүргізу, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық белсенділігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар үкіметтік емес ұйымдардың рөлін күшейту және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жетілдіру қажеттігін атап өтті. Жиын қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар айтылды.


#Абай облысы, #жастар, #қоғам, #Ішкі саясат