Конституциялық жаңғыру: жаңа комиссия құрамында Абай облысының өкілдері бар
Мемлекет басшысы елдегі саяси-құқықтық жаңғыру үдерісін жалғастыру мақсатында Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды. Құжат 2026 жылғы 21 қаңтарда қабылданды. Жарлыққа сәйкес, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның құрамына қоғам мен өкілді органдардың беделді өкілдері енгізілді. Атап айтқанда, комиссия мүшелері қатарында Абай облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Айнабеков Мейрамхат Кәрібекұлы және Абай облыстық мәслихатының төрағасы Байбеков Шалқар Заманбекұлы бар,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.


Жаңа комиссияның негізгі мақсаты – Конституциялық реформаларды әзірлеу және оларды іске асыру барысында қоғамның түрлі топтарының пікірін ескеру, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстар дайындау. Комиссия жұмысы құқықтық мемлекетті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ билік институттарының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталмақ.
Абай облысының өкілдерінің комиссия құрамына енуі өңірлік деңгейдегі қоғамдық пікір мен тәжірибенің ұлттық реформаларға ықпал етуіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қабылданатын шешімдердің өміршеңдігін арттырып, қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты күшейтеді деп күтілуде. Сарапшылардың пікірінше, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жұмысы елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ. Комиссия әзірлейтін ұсыныстар болашақта заңнамалық бастамаларға негіз болып, Қазақстанның орнықты дамуына серпін беруі тиіс.
#Абай облысы, #Конституция, #реформа