Қытай автомобиль экспортынан әлемде бірінші орын алуы мүмкін

Қытай автомобиль экспортынан әлемде бірінші орын алуы мүмкін

2023 жылдың соңына қарай Қытай алғаш рет сыртқы нарықтарға жеткізілімдердің ұлғаюына, сондай-ақ өсіп келе жатқан жаһандық электромобиль өнеркәсібіне байланысты әлемдегі ең ірі автомобиль экспорттаушысы болуы мүмкін. Бұл туралы Nikkei жазады, деп хабарлайды Kazinform сілтеме жасап, abaidan.kz тілшісі. 

Қытай автомобиль өндірушілері қауымдастығының (CAAM) алдын ала мәліметі бойынша, биылғы жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Қытай 4,41 миллион көлік экспорттаған.

Жапония осы жылдың алғашқы 11 айында 3,99 миллион дана көлік экспорттаса, 2023 жылдың соңына қарай жалпы экспорт көлемі шамамен 4,3 миллионға жетуі мүмкін.

Басылымның мәліметінше, қаңтардан қазанға дейінгі аралықта Қытай Ресейге 730 мың көлік экспорттаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда жеті есе көп.

Өз кезегінде, Мексикаға автокөлік жеткізілімі бір жылмен салыстырғанда 71%-ға өсіп, 330 мыңды құрады.

Қытай биыл электрлі және басқа да баламалы энергия көліктерінің жаһандық экспортын кеңейтті.

Қытайдың жаңа энергетикалық көліктер экспорты 2023 жылдың алғашқы 11 айында 1,09 миллион дананы құрады, бұл бір жылмен салыстырғанда 83,5%-ға артық.


#Қытай, #автокөлік