«АйтClub» интеллектуалды клубының алғашқы отырысында Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасы және оны өңірде жүзеге асыру жолдары талқыланды. Отырыста Абай облысы мен Семей қаласындағы құрылыс қарқыны, инфрақұрылымды жаңғырту және құрылыс саласына қажетті білікті инженерлік мамандар даярлау мәселелері көтерілді.

Талқылау барысында сөз сөйлеген Шәкәрім университетінің «Құрылыс және геодезия» кафедрасының меңгерушісі Ілияс Жұмаділов «Халықтық құрылыс» бастамасының өңірлер үшін маңызына тоқталып, оның тек жаңа нысандар салумен шектелмейтінін атап өтті.

«Бұл бастаманы тек тұрғын үйлер, жолдар мен инженерлік желілер салу бағдарламасы ретінде қарастыру жеткіліксіз. Оның түпкі мәні – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, өңірлердің экономикалық тартымдылығын арттыру, адами капиталды сақтау және еліміздің аумақтық дамуын теңгерімді қамтамасыз ету», – деді ол.
Спикердің айтуынша, бұл бастама Абай облысы үшін де айрықша өзекті. 2022 жылы құрылған өңір бүгінде жаңа экономикалық және инфрақұрылымдық даму кезеңіне қадам басып отыр. Әсіресе облыс орталығы Семей қаласында автомобиль жолдарын жөндеу, инженерлік-коммуникациялық желілерді жаңғырту, көшелерді абаттандыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.
«Жаңа жол, жаңғыртылған көше, заманауи қоғамдық кеңістік немесе жаңа көпір – жай ғана құрылыс нысаны емес, өңірдің дамып келе жатқанының айқын белгісі. Адамдар өз қаласында нақты өзгерістерді көрген кезде, сол қаланың ертеңіне деген сенімі де нығая түседі. Бүгінгі өзгерістер Семейдің жаңа даму көкжиегін айқындай бастады», – деп атап өтті Ілияс Жұмаділов.
Кездесуде инфрақұрылымдық жобаларды сапалы жүзеге асырумен қатар, осы салаға қажетті кәсіби мамандар даярлау мәселесіне де назар аударылды. Спикердің пікірінше, құрылыс саласының дамуы тікелей білікті инженерлердің әлеуетіне байланысты. Осы ретте Шәкәрім университетінің «Құрылыс және геодезия» кафедрасының өңірлік кадр даярлаудағы рөлі ерекше.
«Бүгінгі құрылыс инженері тек ғимарат салу технологиясын меңгерген маман болмауы тиіс. Ол қаланың дамуын кешенді түсінетін, сәулеттік және инженерлік шешімдердің экономикалық, экологиялық әрі әлеуметтік салдарын бағалай алатын кәсіби тұлға болуы қажет. Біздің мақсатымыз – тек дипломы бар маман даярлау емес, Абай облысының болашақ сәулеттік келбеті мен инженерлік инфрақұрылымын қалыптастыруға қабілетті кәсіби инженер тәрбиелеу», – деді ол.
Сонымен қатар өңірде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар мен жоғары білім беру жүйесінің байланысын нығайту, студенттердің өндірістік тәжірибесін жетілдіру және заманауи инженерлік технологияларды оқу үдерісіне енгізу қажеттігі айтылды.

Жиын қорытындысында «Халықтық құрылыс» бастамасының тиімділігі құрылыс нысандарының санымен ғана емес, олардың сапасымен, халықтың өміріне тигізетін нақты әсерімен және өңірде қалыптасатын кәсіби кадрлық әлеуетпен өлшенетіні атап өтілді.





