10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай Семей қаласындағы Оқушылар сарайында «Digital Abai - 2026» өңірлік форумы өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.

Форумда құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы өңірдің цифрлық даму бағытындағы басымдықтарына тоқталып, заманауи технологияларды енгізудің маңызын атап өтті.
«Абай өңірі – еліміздің тарихи дамуының күретамыры, рухани жаңғыру мен заманауи инновациялық серпілістің тоғысқан жері. Бүгінде цифрландыру мен озық технологиялар техникалық құрал ғана емес. Олар – азаматтардың тұрмыс сапасына оң ықпалын тигізетін, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын, экономиканың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын және өскелең ұрпақтың әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретін стратегиялық күш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, цифрлық экономиканы қалыптастыру және адами капиталды нығайту міндеттерін еліміздің басты даму бағыттары ретінде айқындады. Бұл – уақыт талабы әрі болашаққа бағытталған нақты бағдар. Абай елі де осы міндеттерді сөз жүзінде емес, нақты іспен, өлшенетін нәтижелермен және әр азамат сезіне алатын пайдалы өзгерістермен жүзеге асырып келеді. Цифрлық жаңғыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарына, маңызды жобаларды жүзеге асыруға атсалысып жатқан кәсіпкерлерге және осы ортақ іске үлес қосып жүрген әрбір жерлесімізге шынайы алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.

Шара барысында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің «Цифрландыру саласының үздігі» төсбелгісі, Құрмет грамотасы және алғыс хаттары берілді. Сондай-ақ, сала үздіктеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Форум аясында цифрлық даму, жасанды интеллект және IT индустриясының өзекті мәселелеріне арналған DIGITAL TALKS пікірталас алаңы, сарапшылық кездесулер мен технологиялық жобалардың таныстырылымдары ұйымдастырылды. Сонымен қатар SEMEY HUB BATTLE стартап-баттлі, AI FILM HACKATHON байқауы, AI CINEMA көрсетілімдері, кибергигиена тақырыбындағы семинар және білім беру саласын цифрландыруға арналған DIGITAL EDUCATION практикалық сессиясы өтті. Форумда «Яндекс Қазақстан» компаниясының басқарушы директоры Мейірбек Мұқатов, «SMART ALATAU» және «Marti Technology» компанияларының өкілдері, бағдарламашы Тілен Сәтбеков, «MangoDev» компаниясының негізін қалаушы Владислав Набока және «Tech People» компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Марат Шакен цифрлық технологияларды дамыту, «Ақылды қала» тұжырымдамасы, отандық бағдарламалық өнімдерді әзірлеу, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен стартап жобаларды іске асыру мәселелері бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.

Қонақтар назарына TECH EXPO көрмесінде технологиялық компаниялардың цифрлық өнімдері мен әзірлемелері ұсынылды. STARTUP ALLEY алаңында Абай облысының стартап жобалары таныстырылса, SCHOOL PROJECTS көрмесінде оқушылар IT және робототехника бағытындағы жұмысын көрсетті. Сондай-ақ, «Абай облысында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамыту» тақырыбында пленарлық сессия өтіп, өңірдегі ғылыми және технологиялық әлеуетті дамыту мәселелері қарастырылды. Форум соңында технологиялық жобалар мен жасанды интеллект бағытындағы үздік жұмыстар анықталып, байқау жеңімпаздары марапатталады.




