Қоғам 100 қаралымabaidan.kz

«АйтClub» алаңында инклюзивті білім беру мәселелері талқыланды

«АйтClub» алаңында инклюзивті білім беру мәселелері талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында инклюзивті білім беру мәселесіне назар аударылды. Бұл мәселе Абай облыстық «АйтClub» интеллектуалды клубының алғашқы отырысында талқыланды.

Отырыста баяндама жасаған Alikhan Bokeikhan University аға оқытушысы, PhD кандидаты Назерке Жаукеева ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау, мектептердің инклюзивті ортаға бейімделуі және арнайы мамандар даярлау мәселелеріне тоқталды.

«АйтClub» алаңында инклюзивті білім беру мәселелері талқыланды

«Адами капиталды дамыту ең алдымен әр адамның, соның ішінде әр баланың білім алуына және өз қабілетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасаудан басталады. Инклюзивті білім беру – әр баланың ерекшелігі мен қажеттілігіне қарамастан, сапалы білім алуына жағдай жасау. Бұл тек мектепке пандус орнатумен шектелмейді, балаға қажетті мамандардың көмегі мен қолайлы оқу ортасын қалыптастыруды да қамтиды», – деді Назерке Жаукеева.

Спикердің айтуынша, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала бар. Ал Абай облысында 2025 жылғы мәлімет бойынша мұндай балалардың саны 6 545-ті құрайды. Оның 676-сы инклюзивті оқумен қамтылған. Сонымен қатар өңірдің 19 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді.

«АйтClub» алаңында инклюзивті білім беру мәселелері талқыланды

Сондай-ақ Назерке Жаукеева 2025 жылы Сенаттың TALDAU алаңында жүргізілген ата-аналар сауалнамасының нәтижелерін таныстырды. Зерттеуге қатысқандардың 91,2 пайызы инклюзивті білім беруді қолдайтынын білдірген. Дегенмен респонденттердің бір бөлігі мектептердің дайындығы мен педагогтердің ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу қабілетіне қатысты алаңдаушылық білдірген.

«АйтClub» алаңында инклюзивті білім беру мәселелері талқыланды

Баяндама барысында инклюзивті білім беруді дамытуға қатысты өңірлік деңгейде жүзеге асыруға болатын нақты ұсыныстар да айтылды. Атап айтқанда, жаңа мектептердің жобаларын ата-аналар мен мамандардың қатысуымен талқылап, ғимараттарды инклюзивті орта талаптарына сай жобалау, жоғары оқу орындарымен бірлесіп арнайы педагогтер мен логопедтер даярлау, балаларға көрсетілетін қолдаудың үздіксіздігін қамтамасыз ету және қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру қажеттігі ұсынылды. Сондай-ақ спикер Семей қаласында салынып жатқан инклюзивті спорт орталығының маңызын атап өтті. Оның пікірінше, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін тек білім алу мүмкіндігін қалыптастыру жеткіліксіз. Олардың спортпен шұғылданып, үйірмелерге қатысып, қоғамдық өмірге белсенді араласуына да жағдай жасалуы тиіс.

«Инклюзивті қоғам тек қолжетімді ғимараттардан емес, ең алдымен, адамдардың көзқарасынан басталады. Сондықтан балалардың бір-бірін құрметтеуіне, ерекшеліктерін түсініп, қабылдауына жағдай жасауымыз қажет», – деп түйіндеді Назерке Жаукеева.