Филармония ғимараты жаңғыртылады

Филармония ғимараты жаңғыртылады

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдегі Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияға барып, өнер ұжымының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. 

80 жылдық тарихы бар филармония 2020 жылдан бері бұрынғы «Еңлік-Кебек» кинотеатрының ғимаратында орналасқан. Алайда, кинотеатрды 2019 жылға дейін сенімгерлік басқаруға алған серіктестік ешқандай жөндеу жүргізбеген.

Филармония өз қарамағына алысымен ғимараттың шатыры, кіші залы, су желісіне ағымдағы жөндеу жүргізген. Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған жылу жүйесі іске қосылды. Ғимаратта 259 адамға арналған үлкен, 180 адамға арналған кіші зал бар. 
Ғимараттың іші-сыртын аралаған аймақ басшысы филармония директорының өтінішін тыңдады. Филармония директоры өнер ұжымының әртістеріне жеке дайындық залы керектігін айтты.

«Бұл қаламыздағы өзіндік архитектуралық үлгісі бар тарихи ғимараттардың бірі. Біз оның негізгі қалпын сақтай отырып, көптің көңілінен шығатындай жаңғырту жұмысын жүргізгеніміз дұрыс. Сонымен қатар, ауласын абаттандыруды да ұмытпағанымыз жөн. Ал, мекеме ауласына қосымша жаңа ғимарат салу мәселесін жан-жақты ойластырып, шешуіміз қажет», -деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы осы мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.


#Абай облысы, #Абай облысының әкімі