Облыс әкімі өңірдің зиялы қауым өкілдерімен және ақсақалдармен кездесті

Облыс әкімі өңірдің зиялы қауым өкілдерімен және ақсақалдармен кездесті

Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан ардақты ақсақал Болат Сапорұлымен, ақын, мәдениеттанушы Құсмілия Нұрқасым және журналист Сүйеубай Байқадиевпен кездесті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспсөз қызметіне сілтеме жасап. Шығыс Қазақстан облысы, Бородулиха және Тарбағатай аудандарының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің, «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Болат Сапорұлы Бородулиха және Ақсуат аудандарында басшылық қызметтер атқарды. Ширек ғасырлық қажырлы еңбек жолында ауыл шаруашылығын реформалауға, әлеуметтік нысандарды сақтап қалуға, білім мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға зор үлес қосты.

Кездесуде зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетінде жарияланған сұхбатында көтерілген мәселелерге байланысты ой-пікірлерін айтты. Еңбек ардагері Болат Сапорұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, Қазақстанның Құрметті журналисі Сүйеубай Байқадиев пен мәдениет қайраткері Құсмілия Нұрқасым облыстың мәдениетіне, әдебиеті мен руханиятына, алаш қайраткерлерінің мұраларын насихаттауға, есімдерін ұлықтауға байланысты ұсыныстарын жеткізді.

Аймақ басшысы өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға, Президенттің қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясына, облыстың мәдениет саласындағы игі істер мен тың бастамаларға тоқталды. Облыс әкімі кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлердің назарға алынып, жұмыс жоспарына енгізілетінін атап өтті.

Айта кетейік, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сай Абайдың 180 жылдығы тұңғыш рет 10 күндік ретінде аталып өтті. Түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыс әкімінің қолдауымен «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында Семей өңірінен шыққан ақын-жазушылардың, өнер адамдарының, яғни 19 автордың 25 кітабы жарық көрді. Өңірдегі 8 мәдени нысанда ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 100 орындық 2 ауылдық клуб ашылды. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.


#Абай облысы, #Абай облысының әкімі, #зиялы қауым