Облыс әкімі су тасқыны қаупі бар аумақтарды тексерді

Облыс әкімі су тасқыны қаупі бар аумақтарды тексерді

Абай облысының әкімі Берік Уәли орынбасары Д.Гариков, Төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары А.Штыкельмен бірге Бородулиха, Жаңа Семей аудандары мен Семей қаласының су басу қаупі бар аумақтарын әуеден тексерді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тікұшақпен барлау барысында Шүлбі су электр станциясындағы гидрологиялық жағдайға, көктемде Ертіс пен Уба өзендеріндегі су деңгейі көтерілетін қауіпті орындарға ден қойылды. Мұз жару жұмысы жүргізілген елді мекендер де назардан тыс қалмады. 

Аймақ басшысы Бородулиха ауданындағы Красный Яр, Переменовка ауылдары мен Жезкент кенті аумағындағы қар деңгейін әуеден бақылады. Аталған елді мекендер маңында жыл сайын мұз жару жұмысы жүргізіледі. Өйткені, гидроқұрылымдар жақын орналасқан. 

«Бүгін өзендерде мұз жару жұмысын жүргізуге дайындық барысы да тексерілді. Облыстың басқа да аудандарындағы тасқын қаупі бар елді мекендерді тұрақты бақылауда ұстап отырмыз. Күнделікті мониторинг жүргіземіз. Аймақ басшысына өңірдегі ахуалды толық баяндадым» деді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.

Ертіс өзені мен елді мекендерді тікұшақпен барлау барысында қардың қалыңдығы байқалғанымен қардың еруі анықталмады. Ертіс пен Уба өзендерінде мұз сүңгілері жоқ. Алайда Ертіс өзенінің Семей қаласы Холодный ключ елді мекені аумағында мұз кесегінің жиналуы байқалады. 

Екі аудан мен облыс орталығындағы гидрологиялық жағдайды бағамдаған облыс әкімі өзендердегі су деңгейін, өңірдегі барлық су бөгендерін, су өткізу құрылғыларын жіті бақылауда ұстауды тапсырды. 

«Алдағы уақытта Бесқарағай ауданының Жетіжар, Кривинка ауылдары мен Семей қаласы аумағындағы Ертіс өзенінде мұз жару жұмысы жүргізіледі. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Жақын арада Бесқарағай, Үржар, Мақаншы, Ақсуат аудандарына барып, су тасқынына дайындық барысын көремін. Қазіргі таңда өңірдегі ахуал тұрақты» деді облыс әкімі.


#Абай облысы, #ТЖД, #Абай облысының әкімі, #Берік Уәли