Облыс әкімі су тасқынына дайындықты күшейтуді тапсырды
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен алғашқы кеңейтілген аппараттық жиналыста су тасқынына дайындық барысы талқыланды. Қала және аудан әкімдері отырысқа бейне режимде қатысты. Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазгидрометтің» Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша филиалы, Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Қазсушардың» Шығыс Қазақстан филиалының жетекшілері аймақ басшысына өңірдегі ахуал туралы баяндады.

Төтенше жағдайлар департаменті өкілінің хабарлауынша, облыстағы 45 елді мекенді су басу қаупі бар. Бұл аймақтарда 4 мыңға жуық халық тұрады. Қазіргі таңда әсіресе Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Көкпекті аудандарындағы 20 ауылда қауіп сақталуда.
«Қазгидрометтің» Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша филиалының директоры Ләззат Болатқан өңірдегі қардың деңгейі, алдағы күн райы туралы ақпарат ұсынды. Әсіресе Аягөз ауданында қар жылдағыдан қалың. Мамандардың болжамынша, наурыз айында аймақта күн күрт жылуы мүмкін. Жаңбыр жаууы да ықтимал.

Облыс әкімі барлық қала-аудан әкімдерін тасқынға дайын болуды тапсырды. «Биыл көктем ерте шығады деген болжам бар. Алдын ала қамданып, нақты шаралар қабылдап, барлығына дайын болуымыз керек. Былтырғы су тасқынының қалай болғанын жақсы білесіздер. Су басу қаупі бар облыстардың қатарында тұрмыз. Сондықтан қала, аудан әкімдері дайындықты күшейтіңіздер» деді аймақ басшысы.
Жиында Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Жарылғапов қар шығару жұмысы, су тасқыны кезінде қажет материалдар қоры жөнінде баяндады. Алайда ұсынған мәліметтері басқа құзырлы органдармен сәйкес болмай шықты.
«Баяндамаңызда әкімдіктер 65 140 қап құм дайындады дейсіз. Ал Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша 70 мың қап әзірленген. Кімнің айтқанына сенеміз? Қайсысы дұрыс? Сіздер бірлесіп жұмыс істейсіздер ме? Бір облыста отырып, бір-бірлеріңізбен байланыс жоқ. Осындай жауапсыздықтың кесірінен былтыр су тасқыны болды. Енді мұндай жағдай қайталанбасын. Маңызды жиынға дұрыс дайындалмай келгеніңіз үшін ескерту беремін. Хаттамаға кіргізіліп, күшіне енгізілсін» деді аймақ басшысы.

Өңірде 2025 жылдың 15 қаңтарында көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілген. Соған сәйкес 28 ақпанға дейін көпірлер, су арналары мен арықтарды тазарту жоспарланған. Облыс әкімі бұл шаралардың өз деңгейінде жүргізілмегенін сынға алып, жұмысты ширатуды тапсырды.Сондай-ақ аймақ басшысы Аягөз ауданы әкіміне су тасқынына дайындықтың жеткіліксіздігі, өзге де төмен көрсеткіштері үшін сөгіс жариялады.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айнұр Ақмырза облыс әкіміне өңірдегі гидротехникалық құрылыстар, су қоймаларының қазіргі жай-күйі туралы айтты. «Өзіңіз осы нысандарға барып, жағдайын тексердіңіз бе?» деген облыс әкімінің сұрағына жауап бере алмаған басқарма басшысына ауызша ескерту жасалды.

«Басқарма басшысы барып, жағдайды өз көзімен көруі қажет. Кабинетте отырып бас маманның берген анықтамасын оқымауы керек. Аталған су қоймалары маңында қанша қанша халық тұрады, қанша үй бар? Соның барлығын мұқият зерттеу керек. Бұл – өңірдегі барлық басшыларға қатысты. Қазір қол қусырып, қарап отыратын уақыт емес. Халық бізден нақты іс, нақты шешім күтеді» деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы орынбасары Димитрий Гариковқа өзіне қарасты саладағы кемшіліктерді түзеп, жұмысты күшейтуді тапсырды.

Күнтәртібіндегі екінші мәселе өңірдің әлеуметтік экономикалық көрсеткіштері туралы облыс әкіміне Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызы баяндады. Көкпекті, Абай, Аягөз, Бородулиха аудандары мен Курчатов қаласында инвестиция тартудың нақты көлем индексі бойынша өсім байқалмай отырғаны атап өтілді. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы, құрылыс салалары бойынша инвестиция тарту жұмысын жандандыруды тапсырды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі кеңейтілген аппараттық жиналыстың аптасына бір рет өтетінін және онда өңірдегі өзекті мәселелер талқыланатынын жеткізді.
#Абай облысы, #Абай облысының әкімі, #су тасқыны, #Берік Уәли