Өңірлік кадр резервіне 25 жас маман іріктелді
Бүгінде республикалық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік қызметке жас мамандарды тарту бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Осы іс-шаралар аясында биыл алғаш рет Өңірлік кадр резервіне іріктеу жүргізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Дәулетқалиев баяндады.
- Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап әр өңірде, Республикалық маңызы бар қалаларда және Астана қаласында өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу басталды. Біздің облыста іріктеу индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, Әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру және экология сынды жеті салалық бағыт бойынша жүргізілді, – деп атап өтті Нұрлан Дәулетқалиев.
Абай облысында арнайы сайтта тіркелген 398 азамат іріктеуге қатысуға ниет білдіріп, оның ішінде 234 үміткер қатысуға жіберілді.
- Заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу кезеңі өңірлерде орналасқан тестілеу орталықтарында офлайн форматта өткізілді. Жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу кезеңіне 103 үміткер жіберілді. Қатысушылар сынақтардың бірнеше кезеңінен өтіп, жинаған ұпайларының қорытындысы бойынша өңірлік резервке 25 адам іріктелді. Іріктеу процесі ашық және әділ өтті. Өңірлік кадр резервтеріне қабылданған тұлғалардың тізімі жобаның onir.pkrezerv.gov.kz ресми сайтында жарияланды , - деп атап өтті департамент басшысы.
Өңірлік кадр резервіне қабылданған адамдар уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісім бойынша жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурссыз орналаса алады. Сондай-ақ, қатысушылардың резервте болу мерзімі 2 жылды құрайды.