Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 62 қаралымabaidan.kz

Өткенді есте сақтау – болашақ алдындағы жауапкершілік

Өткенді есте сақтау – болашақ алдындағы жауапкершілік

«Өткенді есте сақтау – болашақ алдындағы жауапкершілік» атты дөңгелек үстелде жарты ғасырға жуық уақыт бойы Семей даласында қалған ядролық сынақтардың ізі, адам денсаулығына әсері және болашақ ұрпақты қорғаудың жолдары талқыланды. 

Кейбір жараның жазылуы үшін уақыт жеткіліксіз. Оны зерттеу, түсіну және ұмытпау керек.

 Семей даласы – соның дәлелі. Бір кездері бұл жер ядролық жарылыстардың ортасы болды. Бүгінде Полигонның жабылғанына 35 жыл. Бірақ оның адам денсаулығына, табиғатқа және бірнеше буынның тағдырына қалдырған ізі әлі де ғалымдардың зерттеу нысаны болып отыр. 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылды. Бұл шешім Қазақстанды әлемдік ядролық қарусыздану тарихындағы ерекше орынға шығарды. Алайда полигонның қақпасын жабу – оның тарихын аяқтаған жоқ. Керісінше, адамзат алдында жаңа міндет пайда болды: ядролық сынақтардың зардабын терең зерттеу, зардап шеккен халықтың денсаулығын қорғау және мұндай қасіреттің қайталануына жол бермеу.

Осы тарихи жауапкершілікті сезіндіретін маңызды пікір алаңы – Семей медицина университетінде өткен «Өткенді есте сақтау – болашақ алдындағы жауапкершілік» атты дөңгелек үстел өтті.

Өткенді есте сақтау – болашақ алдындағы жауапкершілік

Іс-шараға Қазақстанның және шетелдің жетекші мамандары, ғалымдар, медицина қызметкерлері, Абай облыстық және қалалық әкімдік қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, Семей полигонының медициналық, экологиялық және ғылыми мұрасын талқылады. Дөңгелек үстелді Семей медицина университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Алтай Дүсіпов жүргізді. Ректор өз сөзінде Семей ядролық полигонының Қазақстан тарихындағы орнына тоқталып, ядролық сынақтардың салдарын зерттеудің медицина ғылымы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Өйткені полигон тарихы – тек архив құжаттары мен тарихи деректер жиынтығы емес. Оның артында адам тағдыры тұр. Сондықтан радиациялық әсердің ұзақ мерзімді салдарын зерттеу, халық денсаулығына жүргізілетін медициналық бақылауды жетілдіру және ғылыми нәтижелерді практикалық денсаулық сақтау жүйесіне енгізу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Ғылым өткеннің жарасын өлшей отырып, болашақтың қауіпсіздігін қалыптастырады.

«Полигон-21»  комитетінің жетекшісі Марат Құрманбай өңір үшін полигон мәселесінің әлеуметтік және қоғамдық маңыздылығына тоқталды. Ал «Дом» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Полигон мәселелері жөніндегі МВРТ төрағасының орынбасары Майра Әбенова полигон зардабын тартқан халықтың мәселелерін көтеріп, қоғамдық ұйымдар мен ғылыми қауымдастық арасындағы байланыстың маңызын атап өтті.

Семей мен Хиросима: тарих тоғыстырған екі қала

Дөңгелек үстелдің халықаралық сипаты Қазақстан мен Жапония ғалымдарының қатысуымен айқындалды. Хиросима мен Семейдің тарихында айырмашылық болғанымен, екеуін біріктіретін ащы шындық бар: ядролық қарудың адамзатқа тигізетін зардабы бір сәттік жарылыспен аяқталмайды. Оның салдары жылдарға, тіпті ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы мүмкін.Сондықтан Семей мен Хиросима арасындағы ғылыми байланыс – өткенді салыстыру ғана емес. Бұл – ядролық қарудың гуманитарлық салдарын әлемге түсіндірудің және бейбітшілік идеясын нығайтудың маңызды жолы.

 «Ғылым шекараны білмейді»

Радиация мәселелері бойынша бірлескен ынтымақтастықтың перспективаларын Масахару Хоши (Masaharu Hoshi), PhD, Хиросима университетінің құрметті профессоры таныстырды. 

Өткенді есте сақтау – болашақ алдындағы жауапкершілік

Жапония мен Қазақстан арасындағы халықаралық ынтымақтастық туралы сөз қозғады.   Ғалымның баяндамасы радиациялық әсердің ұзақ мерзімді салдарын зерттеуде халықаралық тәжірибе алмасудың маңызын көрсетті. Семей полигонының феноменін толық түсіну үшін бір ғана ғылыми мектептің немесе бір ғана елдің тәжірибесі жеткіліксіз. Радиациялық медицина, генетика, экология, эпидемиология және қоғамдық денсаулық сақтау салаларындағы зерттеулерді біріктіру қажет. Бұл ретте халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңызы арта түседі.

Адам денсаулығы – кез келген технологиядан қымбат

Дөңгелек үстелде денсаулық сақтау жүйесінің сапасы мен пациент қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды.

«Accreditation Center For Quality In Healthcare» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ботагөз Тілеуғазиева денсаулық, пациенттердің қауіпсіздігі және қоғамның қатысуы арқылы Семей өңірінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері туралы айтты. Радиациялық қауіпсіздік – тек мамандарға қатысты ұғым емес. Ол әрбір адамның денсаулығына, отбасының болашағына және қоғамның өмір сапасына тікелей байланысты. Сондықтан қазіргі заманғы денсаулық сақтау жүйесі қауіптің салдарын күтпей, оны алдын ала анықтап, алдын алуға бағытталуы тиіс.

Болашақ ана мен бала: радиациялық қауіпсіздіктің ең нәзік тұсы

Радиацияның адам ағзасына әсері туралы әңгіме болғанда, ең маңызды мәселелердің бірі – жүктілік кезеңіндегі қауіпсіздік.

Бұл тақырыпта Dr. Otilia Nuta, радиациялық биология саласының PhD докторы, Назарбаев Университетінің Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі Биология департаментінің ассистент-профессоры баяндама жасады.

Жүктілік кезінде радиациялық қауіптерді дұрыс бағалау мен тиісті қорғаныс шараларын қамтамасыз ету – ана мен бала денсаулығын қорғаудың маңызды бөлігі. Бұл мәселе бізге тағы бір нәрсені еске салады: радиациялық қауіпсіздік туралы сөз қозғағанда, біз тек бүгінді емес, әлі дүниеге келмеген ұрпақтың денсаулығын да ойлауымыз керек.

Ядролық технология: қауіптен мүмкіндікке дейін

Бір кездері ядролық энергия Семей даласына қасірет әкелсе, бүгін ядролық технологияның бейбіт мақсаттағы мүмкіндіктері медицинада адам өмірін сақтауға қызмет етіп келеді.

«Бейбіт атом және ядролық медицина: қазіргі технологиялардың дамуы» тақырыбында Ұлжан Джамединова, PhD, қауымдастырылған профессор, Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Ядролық медицина және онкология орталығы» ШЖҚ КМК ядролық медицина стратегиялық жоспарлау жөніндегі директордың орынбасары баяндама жасады. Ядролық медицина – заманауи медицинаның ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Оның мүмкіндіктері ауруларды ерте анықтаудан бастап, онкологиялық сырқаттарды диагностикалау мен емдеудің жаңа тәсілдеріне дейін кеңейіп келеді.

Өткенді есте сақтау – болашақ алдындағы жауапкершілік

Бұл Семей үшін ерекше символдық мәнге ие. Кеше ядролық сынақтың зардабын тартқан өңірдің бүгін ядролық технологияны адам өмірін сақтауға бағыттауы – тарихтың жаңа бетбұрысы. Семей ядролық полигоны аймағында тұратын халықтың денсаулық жағдайын бағалау мәселесі де дөңгелек үстелдің маңызды тақырыптарының біріне айналды. Галия Алибаева, нейроинсульт қызметінің жетекшісі, Абай облысы бойынша трансплантологияның өңірлік үйлестірушісі, Семей медицина университетінің «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша 2-курс докторанты, жүргізілген тексеру нәтижелерімен таныстырды. Ал Александра Лилихина, «Семей медицина университеті» КеАҚ Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, Семей ядролық сынақ полигонында ядролық қаруды сынау салдарынан иондаушы сәулелену әсеріне ұшыраған халықтың жүктемелерін бағалаудың жүйелік тәсілі тұжырымдамасын ұсынды. Бұл зерттеулердің маңызы бір нәрседе: статистиканың әрбір көрсеткішінің артында нақты адам, нақты отбасы, нақты тағдыр тұр. Сондықтан ғылыми зерттеу тек өткенді түсіндіру үшін емес, бүгінгі медициналық шешімдерді дұрыс қабылдау және ертеңгі ұрпақтың денсаулығын қорғау үшін қажет.

Өткенді есте сақтау – болашақ алдындағы жауапкершілік

Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл өтті.Бірақ бұл уақыт тарихтың кейбір сұрақтарына нүкте қоюға жеткіліксіз.

Өйткені полигонның физикалық шекарасы жабылғанымен, оның ғылыми, медициналық және адамзаттық сабақтары әлі де зерттеліп келеді. Бүгінгі ғалымдардың міндеті – сол сабақтарды ғылыми дерекке айналдыру. Дәрігерлердің міндеті – халық денсаулығын қорғау. Қоғамның міндеті – тарихты сақтау. Ал барша адамзаттың ортақ міндеті – ядролық қасіреттің қайталануына жол бермеу. Семей полигоны бізге бір ғана нәрсені анық көрсетті: ядролық сынақтың дауысы бір сәтте өшуі мүмкін, бірақ оның жаңғырығы адам тағдырында ұзақ сақталады.Сондықтан өткенді есте сақтау – жай ғана тарихты құрметтеу емес.Бұл – болашақ алдындағы жауапкершілік.