Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталды
Мемлекет басшысының бастамасымен жастарды қолдау мақсатында 2019 жылы елімізде алғаш рет «Президенттік жастар кадр резерві» құрылды. Бұл жобаның басты мақсаты – еліміздің дамуына оң өзгерістер енгізуге дайын, қоғамдық мүддені басшылыққа алатын жаңа буын көшбасшыларын анықтау. Биыл бұл жоба төртінші рет жүзеге асырылады. Жоба ел дамуына үлес қосуға дайын, құндылықтары мемлекет мүддесімен үндесетін, білікті және бастамашыл жастарды іріктеп, басшылық қызметтерге тағайындауға бағытталған. Резервке іріктеудің алғашқы кезеңі үміткерлерден өтінімдер қабылдау осы жылдың 1-30 маусым аралығында өткізілуде. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады және 2025 жылдың маусым-қазан айлары аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша Резервке үздік 50 кандидат іріктелетін болады. Резервке қабылданған күннен бастап 3 жыл ішінде резервшілер конкурстық іріктеуден өтпестен мемлекеттік қызметтегі, квазимемлекеттік сектордағыжәне өзге де мекемелердегі түрлі жоғары басшылық лауазымдарға тікелей тағайындалуға мүмкіндік алады. Атап айтқанда, 2019, 2021 және 2023 жылдардағы іріктеулерге 60 мыңнан астам азамат қатысып, олардың нәтижесі бойынша резервке 400 адам қабылданған болатын, олардың 318-і бүгінгі таңда мемлекеттікоргандар мен өзге де ұйымдарда жұмыс істеуде, бұл жалпы санның 80% құрайды. Яғни, бұл жоба әлеуеті жоғары жастарға әлеуметтік жоғарылау сатысы және мәнсаптық ілгерілеу құралы ретінде нақты нәтижелерін көрсетуде.
Өтінім берушілерге қойылатын талаптар:
- 35 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары;
- жоғары білімінің болуы;
- жұмыс өтілі кемінде 5 жыл;
- мемлекеттік тілді білу туралы сертификатының болуы (B1 деңгейінен төмен емес).
Қатысуға өтінімді ағымдағы жылдың 1-30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz сайтына ЖСН және электрондық поштаны енгізу арқылы беру қажет. Кандидаттың жасы тексерілгеннен кейін оған жеке кабинетте анкетаны толтыруға және қажетті құжаттарды жүктеуге мүмкіндік береді. Сайтқа тіркелу үшін жоғары білім туралы дипломның, еңбек қызметін растайтын құжаттың (ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес), мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгергенін растайтын әрі жарамды QAZAQ RESMI TEST немесе KAZTEST сертификатының көшірмелерін жүктеу керек.
Мемлекеттік тілді білу туралы сертификатты қалай алуға болады?
Өтінім беру кезінде мемлекеттік тілді меңгергені туралы жарамды мерзімі бар сертификат болмаған жағдайда кандидатқа берілген промокод арқылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі –ҚАЗТЕСТ бойынша сертификаттық тестілеуден немесе Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында «www.qrt.kz» QAZAQ RESMI TEST тестілеудің онлайн-сервисінде тестілеуден бір рет тегін өту мүмкіндігі беріледі. QAZAQ RESMI TEST немесе KAZTEST- те тестілеуден өту үшін ұсынылған промокодты кандидат жеке өзі пайдалануы тиіс.
Тіркелу барысында сұрақтар туындаған жағдайда кандидат https://pkrezerv.gov.kz/ сайтындағы Jivo чат немесе +7 700 096 70 74 нөмірі бойынша қолдау қызметіне, сондай-ақ, info@pkrezerv.gov.kz электрондық поштасына хат жолдау арқылы жүгіне алады.
Іріктеу 6 кезеңнен тұрады:
1-кезең (қашықтықтан қатысу): Құжаттарды қабылдау, 1-30 маусым аралығы.
Тіркеу кезінде қатысушылар алты салалық бағыттың бірін таңдауы керек:
1. Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
2. Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;
3. Сыртқы саясат және инвестициялар;
4. Экономикалық және қаржылық саясат;
5. Цифрландыру;
6. Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.
2-кезең (қашықтықтан қатысу): Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, 2-3 және 9-10 тамыз аралығы. Кандидаттар мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттері бойынша екі бөлек тестілеуден өтеді. Мәтіндік тестілеуден салалық бағыты бойынша ең жоғары балл жинаған кандидаттардың 50%-ы сандық тестілеуге қатысады. Нәтижесінде үздік нәтиже көрсеткен 600 кандидат келесі кезеңге өтеді.
3-кезең (қашықтықтан қатысу): Ситуациялық тапсырмаларды шешу, 16-17 тамыз аралығы. Кандидаттар нақты салалық бағыттарға байланысты проблемаларды шешу бойынша ұсыныстарын эссе форматында онлайн тәртіпте ұсынады. Нәтижесінде 300 кандидат келесі кезеңге өтеді.
4-кезең (тікелей Астана қаласына барып қатысу):Құзіреттерді бағалау, 22-28 тамыз (ассесмент-орталық)және 23-28 қыркүйек (құзіреттер бойынша сұхбат) аралығы. Ассесмент-орталықта кандидаттардың көшбасшылық, талдау және мәселелерді шешу, қызметті басқару, сендіре білу, проактивтілік сияқты құзіреттері бағаланады. Кәсіби HR-менеджерлердің қатысуымен кандидаттың мотивациясы мен ішкі құндылығын анықтауға бағытталған құзіреттер бойынша сұхбат өткізіледі. Нәтижесінде 150 кандидат келесі кезеңге өтеді.
5-кезең (тікелей Астана қаласына барып қатысу):Сарапшылық комиссиясында әңгімелесу, 8-15 қазан аралығында өткізу жоспарлануда. Таңдаған саланы дамыту бойынша өз идеясын ұсынып және жобаларын қорғайды. Қорытындысы бойынша 100-ден аспайтын кандидаттар тізімі Ұлттық комиссия отырысына ұсынылады.
6-кезең (қашықтықтан өткізіледі): Ұлттық комиссия отырысы. Ағымдағы жылдың 25-ші қазанына дейін өткізіліп, нәтижесінде қазан айының соңына дейін 50 үздік кандидат резервке қабылданады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің басты капиталы – жастар екендігін әрдайым атай отырып, жаңашыл көзқарасты және ойы ұшқыр азаматтарды мемлекеттік басқаруға шақырады. Осы ретте, аталған «Президенттік жастар кадр резерві» жобасының атқаратын рөлі ерекше. Себебі, дәл осы резервші азаматтар мемлекетіміздің тың реформаларын жүзеге асыратын алға басар күші болмақ. «Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан әрі өркендету – қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз. Мемлекетіміздің келешегі – өздеріңіз! Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі. Ұрпағын аялай білген халық іргелі жұртқа айналатыны белгілі. Біз халқымызды әлемге танытқан ең асыл қасиеттерді сіздердің бойларыңыздан көргіміз келеді, - деп айтқан Президенттің сөздері - оның бүгінгі жастарға мемлекетті басқару ісіне араласуға беріп отырған бірегей мүмкіндігі арқылы іс жүзінде көрініс табуда. Сондықтан, бүгінгі жастардың – еліміздің ертеңі екендігі ескеріліп, жас мамандарға арнап кадр саясатында стратегиялық маңызы бар ерекше мүмкіндік беріліп отыр. Бұл жобаға қатысушы азаматтардың талпынысынын өзі – білімі мен отансүйгіштік рухына негізделген, ел тірегі боларлық жастардың бар екендігін көрсетеді. Осы орайда, жалынды жастарды елге қызмет етудің озық үлгісін көрсету үшін «Президенттік жастар кадр резерві» жобасына белсене қатысуға шақырамыз.
ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУЫНА ӨЗ ҮЛЕСІНДІ ҚОС!
#ҚР Президенті, #Президент тапсырмалары