“Рақмет“: Қазақстанда  жол бергені үшін айыппұл салынуы мүмкін бе?

“Рақмет“: Қазақстанда жол бергені үшін айыппұл салынуы мүмкін бе?

"Рақмет" айтып сигнал қосқаны үшін айыппұл салынғаны туралы видео желіде кең таралды. Ер адамды сигнал қосқаны үшін емес, апаттық жағдай туғызғаны үшін жазалағаны белгілі болды. Бірақ қазақстандықтар екі ойлы болып қалды. Бұл мәселені Tengri Auto зерттеп көрді.

Жағдайды Бас прокуратура басқармасының бастығы Жасұлан Дәулембаев түсіндірді.

"Авариялық сигнал қосқаны үшін жауапкершілік туралы айтсақ, жолда кез келген сұрақты қарастырғанда жол қозғалысы ережелерінің талаптарын басшылыққа алу керек. Ережелерде авариялық жарық сигналын қосудың нақты жағдайлары көрсетілген. Оларға жол-көлік оқиғалары, тоқтауға тыйым салынған жерлерде мәжбүрлі тоқтау, кері қозғалыс және тағы басқалар жатады. Мұндай жағдайлардан бөлек, жол қозғалысы ережелеріне сәйкес авариялық сигнал басқа да жағдайларда да, көлік құралының қауіп төндіруі мүмкін екендігін ескерту үшін қосылуы мүмкін.

Егер біреудің өтуіне мүмкіндік жасап, көмектескеніңіз үшін алғыс білдіру мақсатында сигнал қоссаңыз, бұл жол қозғалысы қатысушыларына ескерту ретінде қаралады және жауапкершілікке тартылмайды. Бір-біріңізге көмектесіп, рақмет айта беріңіздер!" – деп түсіндірді Дәулембаев Facebook-парақшасында.

Еске сала кетейік, желіде ер адам жолда авариялық жарық сигналын қосқаны үшін айыппұл салынғанын хабарлаған видео таралды. Видеодағы әйел ер адамға "рақмет" ретінде авариялық жарық сигналын қосуға болмайтынын түсіндіреді. Оның айтуынша, жол қозғалысы ережелеріне сәйкес тек жеті жағдайда ғана авариялық жарық сигналын қосуға рұқсат етілген.


#Бас прокуратура, #айыппұл, #жол