Семей – Алаштың рухы сақталған қала
Семей – қазақ тарихының талай тағдырлы кезеңіне куә болған, ұлттың рухани жаңғыруы мен азаттық идеясында айрықша орны бар қасиетті мекен. Ертістің қос жағасын жалғаған көне шаһардың әрбір көшесі мен тарихи ғимаратынан қазақ елінің өткенінен сыр шертетін іздерді табуға болады. Бұл – Абайдың елі ғана емес, Алаштың арман-мұраты асқақтаған, ұлт болашағы үшін күрескен зиялылардың табаны тиген қала.
ХХ ғасырдың басында Семей қазақ зиялыларының басын қосқан саяси және рухани орталықтардың біріне айналды. Осы жерде ұлттың тағдыры таразыға түскен күрделі кезеңде елдің ертеңін ойлаған азаматтар бас қосты. Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері халықтың сауатын ашу, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру, білім мен ғылымды дамыту, елдің дербестігін сақтау жолында қажырлы еңбек етті.
Семей топырағы ұлт зиялыларының есімімен тығыз байланысты. Олардың елдік мұраты – білімді, мәдениетті, еркін әрі дербес ұлт қалыптастыру еді.
Семейдің Алаш тарихындағы орны оның сол кезеңдегі қоғамдық-саяси өмірімен ғана шектелмейді. Қалада жарық көрген «Қазақ» газеті мен «Сарыарқа» басылымдары ұлттық ойдың қалыптасуына, ел ішіндегі маңызды мәселелердің талқылануына ықпал етті. Алаш идеясы баспасөз арқылы халыққа тарап, елдің санасын оятуға қызмет етті.
Алаш қайраткерлері үшін ұлттың болашағы ең алдымен білім мен мәдениетке байланысты болды. Бұл ұстаным Семейдің рухани болмысымен үндеседі. Өйткені бұл өлке – ұлы дың туған жері, қазақтың жазба әдебиеті мен ұлттық ойының қалыптасуына зор үлес қосқан мекен.
Бүгінде Семейдің көшелері мен тарихи орындары өткеннің үнін сақтап тұр. Алаш қозғалысының тарихына қатысты мұралар, музейлер мен ескерткіштер – жас ұрпаққа елдік пен еркіндіктің қадірін түсіндіретін тағылымды орындар.
Семейдің ерекшелігі де осында: бұл қалада Абайдың даналығы мен Алаштың азаттық идеясы тоғысады. Бірі – адамдық пен білімге үндесе, екіншісі – елдік пен тәуелсіздік жолын көрсетті. Осы қос арнаның тоғысуы Семейдің тарихи-рухани келбетін айқындай түседі.
Қала күні – Семейдің бүгінгі жетістіктерін атап өтумен қатар, оның терең тарихына тағзым ететін күн. Өткенін білген ел ғана болашағын баянды ете алады. Ал Семейдің тарихы – тұтас ұлттың тарихымен астасады. Семей – Алаштың аманаты мен Абайдың тағылымы сақталған қала. Оның әрбір жетістігі – өткенге құрмет, келешекке сенім. Тарихы терең шаһардың рухы асқақ, болашағы жарқын болсые!
Туған күнің құтты болсын, Семей! Рухы биік, мерейі үстем, береке-бірлігі жарасқан қала бола бер!





