Семей қаласының түлектері әскери оқу орындарға түсуде
Абай облысының қорғаныс істері департаменті Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-оқу орындарына түсу үшін талапкерлерді шығарып салуды ұйымдастырды. Болашақ курсанттарды шығарып салу үшін жергілікті әскери басқарма өкілдері, ардагерлер, запастағы офицерлер және әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілері жиналды.
Сондай түлектің бірі - Абылай Исанов. Шахардағы «Жас ұлан» ерлер лицейінің түлегі Алматы қаласындағыҚұрлық әскерлерінің Әскери институтына оқуға түcіп, айбынды әскери қызметші болғысы келеді.
- Мен алдағы уақытта Құрлық әскерлерінің Әскери институтына түспекпін. Мені артиллериялық командалық-тактикалық даярлығы мамандығы қызықтырады. Осы орайда маған әскери тәріппен қатар кемел білім дарытқан «Жас ұлан» ерлер лицейінің ұстаздарына алғыс айтуды жөн санаймын. Ертеңгі өмірімді әскери саламен байланыстырып, кез келген сын-сынақтан сүрінбей өтіп, оқытушылардың маған артқан үмітін ақтаймын деген ойдамын, - дейді жас түлек Абылай Исанов.
Болашақ әскери маман иелерін әскери білім ордаларына шығарып салу рәсіміне түлектердің ата-аналары, ақсақалдар алқасы және әскери техникалық мектеп жетекшілері қатысты. Жиынға жазушы, запастағы полковник Шаймардан Қалиақбаров қатысып, түлектерге сәт сапар тіледі.