Семейде «ақылды бағдаршамдар» орнатылады
«СМЭУ Астана» ЖШС компаниясы Семейдің көлік инфрақұрылымы қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін (ЖҚБАЖ) енгізу жөніндегі жобаны таныстырды,- деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметне сілтеме жасап.
Жобаның мақсаты - жол инфрақұрылымының мәселелерін шешіп қана қоймай, болашақтағы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға жағдай жасау. Жаңа технологияларды енгізу қоғамдық көлік, жол қауіпсіздігі және қалалық инфрақұрылымды қамтитын Семейдің стратегиялық даму жоспарының бір бөлігі болмақ.
Таныстырылымға келген компания өкілдері нақты уақыт режимінде бағдаршамдардың жұмысы және «АЖО инспекторы» қиылыстардың жағдайын, дыбыспен жүретін жаяу жүргіншілер бағдаршамдарын, реттелетін, проекциялық, белсенді жаяу жүргіншілер өткелдерін бақылауға мүмкіндік беретін жүйе сынды жаңашылдықтарды ұсынды.
Жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу қаланың көлік жүйесінің тиімділігін едәуір арттыруға, жол жүрудің орташа уақытын 20%-ға төмендетуге, көлік жүктемесін 10%-ға азайтуға, қиылыстардың өткізу қабілетін 25%-ға арттыруға, сондай-ақ көшелер мен жолдардың проблемалық учаскелерін 100% дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді.
Абай облысының әкімдігі жобаны іске асыруға мүдделі. Осыған орай аймақ басшысы полиция департаменті мен Семей қаласы әкімдігінің жауапты бөлімдеріне тиісті тапсырмалар берді.