Семейде бес жұлдызды қонақ үй және мейрамхана кешені ашылды

Семейде бес жұлдызды қонақ үй және мейрамхана кешені ашылды

«Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақ үй кешенінің ғимараты 1890 жылы ағайынды Мусиндер салған қаладағы алғашқы механикаландырылған диірмен болған. Тарихи нысанға қайта жаңғырту жүргізіліп, сәулеттік келбеті сақтала отырып, заманауи қонақ үй кешеніне айналдырылды. Бұл жоба қала тарихын сақтай отырып, жаңа мазмұнмен дамытудың жарқын үлгісі саналады.

Қонақ үй кешені – жалпы құны 7 млрд теңгені құрайтын өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың бірі. Жаңғырту жұмыстары қысқа мерзім ішінде аяқталып, құрылыс барысында 250 адам уақытша жұмыспен қамтылды. Кешен іске қосылғаннан кейін 105 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Қонақүйдің жалпы ауданы 8 300 шаршы метр, сыйымдылығы 180 орын (91 нөмір). 

Кешен құрамында «Сандық» және «Тары» мейрамханалары мен кофеханасы, сондай-ақ «Мадлен» және «Итальяно» ресторандары, спа орталығы мен конференц-зал қарастырылған. 

«Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында іске асырылған қонақ үй және мейрамхана кешенінің ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты. Сондай-ақ, туризм саласының мамандары, кәсіпкерлер мен өнер қайраткерлері болды.

Аймақ басшысы жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, туризм мен қызмет көрсету саласының өсуіне, кәсіпкерлікті қолдауға және жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын құруға серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар бұл бастама туған жерге инвестиция тарту арқылы өңір әлеуетін арттырудың айқын үлгісі екенін айтты. 

«Бүгін үлкен тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. «Pana Unique Semey» – Семейдегі үлкен қонақ үй кешені. Мұндай қонақ үй қаламызда бұрын-соңды болған емес. 1890 жылы бой көтерген тарихи ғимараттың архитектуралық сәулетін бұзбай қалпына келтіру – инвесторлардың үлкен жеңісі! Осыдан 6 ай бұрын «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форум өткізгенбіз. Сол кезде 15 меморандумға қол қойылды. Соның бірі осы жоба болатын. Өңіріміз үшін ерекше маңызды жобаның ашылуында қауышып отырғанымызға қуаныштымыз. Семей – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған Абайдың елі. Біздің жазушыларымыз шабыт шақырып, шығармаларын жазып, аяқтау үшін қонақ үйден бір нөмірді арнасаңыздар деп Сырымбек Тау мырзаға өтініш айтқанбыз. Сол өтінішіміз қанағаттандырылды. Яғни, еліміздегі кез-келген ақын-жазушы Семейге келіп, 10 күн қонақ үйде болып, шығармаларын жазуға мүмкіндік алып отыр. Осы жобаға атсалысқан инвесторлар Қайрат Итемгеновке, Сырымбек Тауға алғыс білдіреміз»,– деді облыс әкімі.

Жалпы, облыста жыл басынан бері іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 97-ге дейін артты, тартылған инвестициялар көлемі 2,2 трлн. теңгеден 3,5 трлн. теңгеге дейін өсті. Олардың ішінде 50 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген.


#Семей, #Абай облысы, #инвестиция