Іс-шара барысында жастар арасында нашақорлықтың, есірткі қылмыстарының, интернет-алаяқтықтың және өзге де қауіптердің алдын алу мәселелері талқыланды.
Форум жастардың, сондай-ақ құқық қорғау, денсаулық сақтау және білім беру салалары өкілдерінің басын қосқан ашық диалог алаңына айналды.

Абай облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі әрдайым уәкілетті органдардың ерекше бақылауында екенін атап өтті.
— Кеше еліміз үшін тарихи күн болды. Жаңа Конституция талаптарына сәйкес алғаш рет сайлау өтіп, азаматтар бір палаталы Парламент – Құрылтайды қалыптастыру үшін өз таңдауларын жасады. Бұл – мемлекетіміздің дамуындағы маңызды белес. Алайда кез келген даму үлкен жауапкершілікпен қатар жүреді. Осы жауапкершілікті жастар да терең түсінуі қажет, – деді Олжас Бейсенбаев.

Оның айтуынша, өскелең ұрпақтың заңды құрметтеп, дұрыс бағытта дамуына жағдай жасау үшін облыста түрлі бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
— Біз жастардың тек зияткерлік емес, спорттық тұрғыдан да жан-жақты дамуына мүмкіндік жасауға тырысамыз. Осы мақсатта жағажай волейболы, бочча және футболдан жарыстар өткізілді. Оларға студенттермен қатар NEET санатындағы, яғни оқымайтын және жұмыс істемейтін жастар да белсенді қатысты, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар Олжас Бейсенбаев интернет-алаяқтық пен желі арқылы заңсыз табыс табуға қатысты күмәнді ұсыныстардың кеңінен таралып отырғанына тоқталды.
— Өкінішке қарай, тәжірибесінің аздығынан жастар алаяқтардың арбауына түсіп қалуы мүмкін. Бүгінгі форумның басты міндеттерінің бірі – жастарға бейтаныс адамдардың күмәнді ұсыныстарына сенудің қаншалықты қауіпті екенін түсіндіру. Әсіресе интернет кеңістігіндегі қылмыстық схемаларды дер кезінде танып, олардың құрбанына немесе қатысушысына айналмау маңызды, – деді ол.

Форум барысында Alikhan Bokeikhan University проректоры Айрат Базенов жастарға мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жиі түсетін күмәнді «ынтымақтастық» ұсыныстарының қауіптері туралы айтты.
— Кейде студенттерге белгілі бір сомаға «бір затты бір жерден екінші жерге жеткізіп беру» сияқты ұсыныстар жасалады. Мұндай жұмыс оңай әрі тез табыс табудың жолы сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның артында есірткі заттарын тарату секілді ауыр қылмыс жатуы ықтимал. Бүгінде телефон әр адамның қолында. Бұл алаяқтар мен есірткі таратушылардың жастармен байланыс орнатуына мүмкіндік береді. Қаскөйлер көбіне психологияны жақсы меңгерген әрі техникалық тұрғыдан сауатты болады. Сондықтан олардың шынайы мақсатын бірден аңғару оңай емес, – деді Айрат Базенов.
Форум аясында кинологиялық қызметтің көрсетілімдік қойылымы да ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері қызметтік иттердің жабық жәшіктердің ішінен есірткі заттарының ізін, тіпті олардың имитациясын да дәл анықтай алатынын көрсетті. Көрсетілім барысында қызметтік ит бірнеше рет жасырылған заттың орнын қателеспей тапты.


Іс-шараның мазмұнды бөліктерінің бірі – жастардың қауіпсіздігіне қатысты тренингтер мен семинарлар болды. «Есірткіге “Жоқ!” деп айт» тренингінде психобелсенді заттарды қолданудың алдын алу мәселелері талқыланды.
Ал «Есірткі курьері: бір шешім – ауыр зардаптар» семинарында жастардың есірткі қылмысына тартылу қаупі мен мұндай әрекеттердің салдары түсіндірілді. Қатысушыларға интернет кеңістігіндегі қауіпті жарнамалар мен қылмыстық схемаларды анықтау, олардың құрбаны немесе қатысушысы болмаудың жолдары жөнінде ақпарат берілді.

Мамандардың айтуынша, есірткінің заңсыз айналымына жастардың тартылуы бүгінгі күні өзекті мәселе болып отыр. Жас ерекшелігі мен өмірлік тәжірибенің аздығына байланысты кейбір жастар жеңіл пайда табуды уәде ететін адамдардың психологиялық ықпалына қарсы тұруға дайын болмауы мүмкін.
Сондықтан форумның басты мақсаты – жастарға қауіптің алдын ала білуге, заңсыз ұсыныстардан бас тартуға және әрбір шешімнің салдарын түсінуге көмектесу.





