Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 37 қаралымabaidan.kz

Семейде жұмыс іздеушілерге арналған «Мансап Fest» жәрмеңкесі өтті

Семейде жұмыс іздеушілерге арналған «Мансап Fest» жәрмеңкесі өтті

Семей қаласында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді тікелей байланыстыруға бағытталған «Мансап Fest» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкені Абай облысының еңбек мобильділігі орталығы мен «Абай жастары» жастар ресурстық орталығы бірлесіп өткізді. Оған 30-ға жуық жұмыс беруші қатысып, қала тұрғындарына түрлі саладағы бос жұмыс орындарын ұсынды.

Семейде жұмыс іздеушілерге арналған «Мансап Fest» жәрмеңкесі өтті

Іс-шара барысында жұмыс іздеушілер жұмыс берушілердің өкілдерімен тікелей сөйлесіп, бос жұмыс орындары туралы ақпарат алды. Сонымен қатар еңбек нарығына шығу, жұмысқа орналасу және кәсіби бағыт таңдау бойынша кеңестер берілді.

Қатысушыларға Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеу, бос жұмыс орындарын қарау және түйіндеме орналастыру мүмкіндіктері де таныстырылды.

Семейде жұмыс іздеушілерге арналған «Мансап Fest» жәрмеңкесі өтті

Жәрмеңке аясында мемлекеттік грант иегерлерінің өнімдер жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Онда кәсіп бастаған азаматтар өз өнімдерін таныстырып, келушілерге ұсынды.

Солардың бірі -  былтыр Жарма ауданының Қалбатау ауылында мемлекеттік грант иеленген кәсіпкер Жанай Болат. Қазір ол қазы, тауық және үйрек етін ыстап, сатумен айналысады.

«Өнімдерімді көбіне тапсырыс бойынша дайындаймын. Сонымен қатар дүкендерге де өткіземін. Ысталған қойдың құйрығына сұраныс жоғары. Өнімдерімнің барлығы таза әрі сапалы», — дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, жыл басынан бері Абай облысында 112 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Оларға 623 жұмыс беруші қатысып, 3 790 адам қамтылды.

Семейде жұмыс іздеушілерге арналған «Мансап Fest» жәрмеңкесі өтті

Жәрмеңкелер нәтижесінде 288 адам жұмысқа орналасса, 170 адам қоғамдық жұмыстарға, 23 адам кәсіптік оқуға, 18 адам әлеуметтік жұмыс орындарына бағытталған. Бұдан бөлек, 55 адам жастар практикасына, 25 адам «Күміс жас» жобасына жолданды. Жәрмеңкелер барысында 3 201 адамға консультациялық қызмет көрсетілді.

Семей қаласында жыл басынан бері 24 жәрмеңке өткізіліп, оған 34 жұмыс беруші мен 2 102 жұмыс іздеуші қатысты. Нәтижесінде 80 адам жұмысқа орналасып, 85 адам қоғамдық жұмыстарға, 20 адам кәсіптік оқуға, 6 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Сондай-ақ 36 адам жастар практикасына, 20 адам «Күміс жас» жобасына бағытталды. Қала бойынша 1 855 адамға консультация берілген.

«Мансап Fest» жәрмеңкесі де осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы болып, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар азаматтарға еңбек нарығындағы өз мүмкіндіктерін бағалап, қолжетімді жұмыс орындары мен жұмыспен қамту тетіктері туралы ақпарат алуға жағдай жасайды.