Абай облысында III облыстық «Мың бала» мәдени-ағартушылық байқауының өңірлік іріктеу кезеңі аяқталды.
Биыл байқауға өңірдің әр аудан-қаласынан 33 өнерпаз қатысып, «Әлеуметтік желілердегі мәнерлеп оқу» және «Бірлікке үн қосқан» музыкалық номинациялары бойынша өз өнерлерін ортаға салды.

Қатысушылардың орындаушылық шеберлігі, шығарманы көркем жеткізу мәнері, қазақ тілін меңгеру деңгейі және шығармашылық ерекшелігі қазылар алқасының бағалауынан өтті.
Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы байқаудың мемлекеттік тілді дамыту мен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызын атап өтті.

«Мың бала» жобасы жастардың мемлекеттік тілді меңгеруіне, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін тануына, сондай-ақ шығармашылық қабілетін дамытуына мүмкіндік береді. Жобаға қатысушылардың арасынан бүгінде түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтар бар. Бұл – бастаманың нақты нәтижесінің бірі», – деді ол.
Өңірлік кезеңнің қорытындысы бойынша Семей қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы №2 мектептің 5-сынып оқушысы Соловьёва София жеңімпаз атанды. Ол байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алып, онда Абай облысының намысын қорғайды.

Номинациялар бойынша жүлдегерлер де анықталды. «Әлеуметтік желілердегі мәнерлеп оқу» номинациясында Мальцев Руслан І орынға, Тлекұлы Дінмұхамед ІІ орынға, Сулейменова Аяулым ІІІ орынға ие болды.
Ал «Бірлікке үн қосқан» музыкалық номинациясында Соловьёва София І орынға лайық деп танылса, Ашимова Камилла ІІ, Загидуллина Наима ІІІ орындарды иеленді.
Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.





