Семей қаласында Тілдер айлығы аясында «Тіл – татулық тірегі» атты қалалық оқушылар айтысы өтті. Ұлттық өнерді насихаттаған шығармашылық дода №38 мектеп-лицейде ұйымдастырылды.

Айтысқа қала мектептерінен жас ақындар қатысып, өз білім ордаларының намысын қорғады. Сахнада суырыпсалмалық өнерін ортаға салған оқушылар тіл, татулық, бірлік және ұлттық құндылықтар тақырыптарында ой өрбітті.
Жас айтыскерлердің өнеріне ҚР Мәдениет қайраткері Дәмеш Омарбаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Дәулет Сметов және республикалық «Assyl Dombyra – 2023» айтысының иегері Айбек Жеңісқазин төрелік етті.

Қазылар алқасының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Дәмеш Омарбаева айтыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
— Бүгінгі айтыс өте жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың дайындығы, ой ұшқырлығы мен сөз саптауы көңіл қуантты. Әр оқушы өз ойын еркін жеткізіп, ұлттық өнерге деген құрметін көрсете білді. Осындай мазмұнды шараны ұйымдастырған барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Ұстаздар мен ата-аналардың еңбегі де ерекше. Өнерлі, білімді, елжанды жастарымыз көп болса, еліміздің болашағы да жарқын болады деп сенемін, — деді Дәмеш Омарбаева.

Байқау қорытындысы бойынша №38 мектеп-лицейінің оқушысы Қайырғазинов Қайырлы Бас жүлдеге ие болды.
Бірінші орынды №37 гимназияның оқушысы Асубаев Назар жеңіп алды.
Екінші орын №51 мектеп оқушысы Аманкелдинов Нұрсұлтан мен №50 мектеп оқушысы Барлыбай Мадинаға бұйырды.
Ал үшінші орынға №48 мектептен Түсіпова Ажар, №37 гимназиядан Аманбекова Сабина және №45 мектептен Сейсен Сара лайық деп танылды.

Сайыс соңында барлық қатысушылар дипломдармен марапатталып, жас ақындардың жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталды.
Ұлттық сөз өнерін ұлықтаған шара оқушылардың суырыпсалмалық қабілетін шыңдап, шығармашылық ізденісіне серпін берді. Сонымен қатар жас ұрпақ арасында ана тілін құрметтеу мен ұлттық мәдениетті дәріптеуге бағытталған тағылымды алаң қалыптастырды.




