Семейде жұмысшы мамандықтар жылы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Жұмысшы мамандықтар жылы мен Еңбек күніне орай Семей қаласында облыстық деңгейдегі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шара Мұхтар Әуезов атындағы алаңда өтіп, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты түйістіретін маңызды алаңға айналды.

-Бүгінгі облыстық бос орындар жәрмеңкесі еңбек күні қарсаңында, еңбек адамдарын дәріптеу мақсатында жоспарланған іс-шаралардың бірі. Қазір облыс бойынша 2000-нан астам бос жұмыс орындары бар. Бүгін 130-дан астам кәсіпкерлер өз жұмыс орындарын ұсынуда,-деді Абай облыстық жұмыспен қамту және үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек

Бұл өңірде өндірістік сала мамандарына деген қажеттіліктің айқын екенін көрсетті.

Шараға 1 000-нан астам қала тұрғыны қатысты. Келушілер үшін жәрмеңке еңбек нарығының қазіргі талаптарымен танысуға, жұмыс іздеушілерге тікелей жұмыс берушімен жүздесуге мүмкіндік берді.
Сондай жұмыс берушілердің бірі Семей аяқ-киім фабрикасы.
Кадр менеджірі Раушан Баисованың айтуынша:
-Мекемеде бос жұмыс орындары көп. Аяқ киім фабрикасы болғандықтан теріден аяқ киімнің бөліктерін тігу, оны жинақтау мамандары жеткіліксіз. Мекемеге жұмысқа орналасу үшін еңбек өтілінің болуы маңызды емес, өзіміз іс-тәжрибеден өткізіп, дайындап аламыз.

57 жасар Рақым Күмісбеков зейнеттегі әскери қызметкер.
-Денсаулығың болса,жұмыс істеген жөн ғой. Бос жатпай өзіме лайық жұмыс іздеп келдім. Ұсынылған бос жұмыс орындары жеткілікті. Ұнағанын да таптым,-дейді
Жәрмеңке аясында 11 грант иегері өз өнімдерін ұсынып, шағын кәсіп ашудың мүмкіндіктерін көрсетті. Бұл жастарға еңбек жолын жалдамалы жұмыспен ғана емес, кәсіпкерлікпен де байланыстыруға болатынын дәлелдеді.


Ауқымды шараның басты мақсаты – қоғамға аса қажет жұмысшы мамандықтарын насихаттау, жастардың еңбекке құлшынысын арттыру және жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты нығайту.


Жәрмеңке ел дамуының негізгі тірегі саналатын еңбектің беделін арттыруға бағытталған игі бастамалардың бірі болды.
#Семей, #Жұмыспен қамту, #жәрмеңке, #Жұмысшы мамандықтары жылы