Құрылысшылар күні қарсаңында Абай облысында сала мамандарына құрмет көрсетіліп, өңірдегі құрылыс жұмыстарының нәтижелері мен алдағы жоспарлар сараланды.
Кәсіби мереке қарсаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр құрылыс саласының мамандарын төл мерекесімен құттықтап, облыс әкімі Берік Уәлидің атынан ізгі тілегін жеткізді.

Салтанатты жиында облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Серік Тілемесов өңірдегі құрылыс саласының қазіргі ахуалы, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
Абай облысы құрылғаннан бері аймақта әлеуметтік маңызы бар 89 нысан ел игілігіне берілді. Оның ішінде білім беру саласында – 8, денсаулық сақтау бағытында – 67, спорт саласында – 7, мәдениет саласында – 4 және әлеуметтік қамтамасыз ету саласында 3 нысан бар.

Өңірде тұрғын үй құрылысына да айрықша мән беріліп отыр. Осы кезеңде бюджет қаражаты есебінен 48 көппәтерлі және 1381 екі пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілсе, жеке инвесторлардың қаражаты есебінен тағы 92 көппәтерлі тұрғын үй бой көтерді. Бұл ретте тұрғын үй бағдарламалары аясында несиелік және жалға берілетін баспанамен қатар, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған пәтерлер де қарастырылған.
Құрылыс саласындағы ауқымды жұмыстардың бір бөлігі Семей қаласында жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған «Абайға құрмет» акциясы аясында қаланың әр аумағында бірқатар маңызды нысанның құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы – Рәміздер алаңының құрылысы аяқталды. Ал жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта еліміздің өңірлері тарту еткен бірнеше нысанның құрылысы жалғасып жатыр.
Атап айтқанда, Маңғыстау облысының сыйлығы – Достық үйі, Шымкент қаласының тартуы – шығармашылық орталығы, Алматы қаласының сыйлығы – медиаорталық, Павлодар облысының тартуы – үстел теннисі орталығы салынуда.
Семейдің сол жағалауында Ақтөбе облысының тартуы – Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды. Сонымен қатар Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын тұрғызуға атсалысуда.

Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне қала қақпасын орнатса, Батыс Қазақстан облысы спорт кешенін, Қостанай облысы руханият орталығын салады. Астана қаласы 1500 орындық «Келешек» мектебін тұрғызуды жоспарлап отыр. Ал Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстарын қолға алған.
Бұл жобалар – өңірлер арасындағы өзара ынтымақтастықтың, Абай еліне деген құрметтің және Семей қаласын заманауи, жайлы шаһарға айналдыруға бағытталған ортақ бастамалардың айқын көрінісі.
Жиын барысында құрылыс саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтың еңбегі еленді. Сала мамандарына Абай облысы әкімінің және Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің Алғыс хаттары табысталды.



Құрылыс – ел экономикасының маңызды қозғаушы күштерінің бірі. Жаңа нысандардың бой көтеруі халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Ал осы жауапты жұмыстың басы-қасында жүрген құрылысшылардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Бүгінде Абай облысында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар өңірдің жаңа келбетін қалыптастырып, тұрғындар үшін қолайлы орта құруға бағытталып отыр.





