«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтініштер қабылдау басталды
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне 2021 жылдан бастап беріліп келеді. Бүгінге дейін елімізде грант аясында 90 азаматқа 6 бағыт бойынша гранттар табысталған.
Ағымдағы жылы берілетін гранттарға өтініштер 7 қазанда басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Гүлнұр Ыдырышева мәлімдеді.
- Абай облысында биылғы жылы облыстық «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты берілетін болады. Грант «Абай облысының ішкі саясат басқармасы» ММ әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылып отыр. Облыс бойынша үздік 5 жобаға 1 000 000 теңге көлемінде қаражат тағайындалған, - деп атап өтті Гүлнұр Ыдырышева.
Конкурс Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 шілдедегі №469 «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру туралы» қаулысына және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бекіткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жасалып келеді. Конкурсқа 14-35 жас аралығындағы жастар ғана қатыса алады.
- Гранттар келесі 5 бағыт бойынша беріледі. Атап айтар болсақ: ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа бағыттары. Жобаның басты мақсаты белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыру және жаңа жоба бастамаларына мемлекеттік қолдау көрсету болып табылады. Сондай-ақ конкурстың негізгі міндеттері: талантты және талапты жастарды қолдау, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін практикалық қызығушылық тудыратын жастардың инновациялық жобалары мен ғылыми-техникалық әзірлемелерін анықтау, жастардың жаңа және жұмыс істеп тұрған стартап-жобаларын іске асыруға жәрдем көрсету және жастар арасында шығармашылық қызметті танымал ету, - деп қорытындылады спикер.
Конкурстық өтінімдерді қабылдау 7 қарашаға дейін жалғасады. Әлеуметтік желілерде жарияланған арнайы форма бойынша дайындалған өтінімдерді белгіленген электронды почтаға құжат қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін жіберу қажет. Конкурстың шарты, өтінім беру формасы мен құжаттар жіберілетін электронды почта туралы толық ақпарат интернет порталдарда, әлеуметтік желілердегі облыстық парақшаларда және «Абай жастары» жастар ресурстық орталығы мен «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» қоғамдық қорының ресми парақшасына орналастырылады.