Талица ауылына қарай тараған өрт сөндірілді – министрлік

Талица ауылына қарай тараған өрт сөндірілді – министрлік

Абай облысы Талица ауылына қарай тараған өрт сөндірілді. ҚазАқпарат бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Минералдандырылған жолақтар жасау жұмыстары қолжетімділігі қиын болуына байланысты тоқтатылды. Елді мекендерге қауіп жоқ. Өртті сөндіру жұмыстары басталғалы бері өрт ошақтарына әуеден 777 рет жалпы көлемі 2000 астам тонна су төгілді. Талица ауылына қарай тараған өрт дала аумағына шығып, сөндірілді», – деп жазылған хабарламада.

Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов оқиға орнында өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіріп жатыр.

Еске салайық, «Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан болатын.
Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, өрт 2 рет түскен найзағайдан тұтанған.

Тілсіз жауды ауыздықтауға жұмылдырылған 14 орманшы қаза болды. Барлығы мемлекеттік наградаға ұсынылды.

Семей орманындағы өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Үш ауылдың тұрғындары қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

10 маусым күні түсте жалын шарпыған аумақ 60 мың гектардан асып кеткені хабарланды.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды.

Мемлекет басшысы орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті.

12 маусым Семей орманындағы алапат өрттен қаза болғандарды аза тұту күні болып жарияланды.


#өрт, #Абай облысы