Облыс әкімі Берік Уәлидің аудан тұрғындарымен кездесуі Абай ауданынан басталды. Кездесуде өңір мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар таныстырылды.
Жиында Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов 2025-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндады. Өз кезегінде облыс әкімі аймақтағы негізгі экономикалық көрсеткіштерге тоқталып, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен қолға алынған жобалар туралы айтып өтті.
Экономикада оң динамика сақталды
Облыста экономиканың барлық негізгі салаларында өсім қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, құрылыс саласының көрсеткіші 123,1 пайызды, инвестиция көлемі 116,1 пайызды, көлік саласы 115,8 пайызды құрады. Ішкі саудада – 105,3 пайыз, ауыл шаруашылығында – 103,8 пайыз, өнеркәсіпте – 102 пайыз, байланыс саласында 101,5 пайыз өсім тіркелді.
Абай ауданы үшін экономиканың маңызды бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы. Жеті айдың қорытындысы бойынша ауданда 34,3 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Биыл шаруалар 15 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
Сонымен қатар 2030 жылға дейінгі өңірлік инвестициялық жобалар картасы аясында ауданда жалпы құны 3,1 млрд теңгені құрайтын үш жобаны іске асыру жоспарланған.
1 800 жаңа жұмыс орны ашылады
Ауданда өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған ірі жобалар да бар. Солардың бірі – құны 255 млрд теңгені құрайтын тау-кен байыту комбинатын салу жобасы. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда 1 800 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұдан бөлек, өңірде іске қосылатын ет комбинатын тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Абай ауданында 5 мың басқа арналған заманауи мал бордақылау алаңын салу міндеті қойылды.
Туризмге жаңа серпін берілмек
Ауданның туристік әлеуетін дамыту мәселесіне де басымдық беріліп отыр.
«Жидебай-Бөрілі» музей-қорығы аумағында тәулігіне 1 мыңға дейін турист қабылдай алатын «ABAY KUNANBAYULY VISITOR CENTER» заманауи визит-орталығын құру жоспарланған.
Сондай-ақ 640 гектар аумақта «Taukum Жидебай» этнотуристік кешені бой көтермек. Жоба аясында 25 нөмірге арналған «Taukum Boutique Karaul» қонақ үйін салу көзделіп отыр.
Елді мекендердің инфрақұрылымы жаңаруда
Кездесуде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де сөз болды. Қазіргі таңда облыста сумен жабдықтау деңгейі 98,6 пайызға жеткен.
Абай ауданындағы Архат ауылында биыл су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Кеңгірбай би және Құндызды ауылдарында тиісті құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
Қарауыл ауылында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, саябақ жаңартылды.
Ауыл тұрғындары үшін маңызды жобалардың бірі – Қарауылдағы жылу жүйесін жаңғырту. Көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды орталық жылу жүйесіне қосу мақсатында құны 1,5 млрд теңге болатын жаңа жылу қазандығының жобасы әзірленді. Құрылыс жұмыстары басталған. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жол сапасы жақсарады
Ауданда жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Биыл облыстық маңызы бар «Аягөз – Қарауыл – Семей – Қайнар» автожолының 51 шақырымын жөндеу басталды. Ал «Қарауыл – Архат» бағытында 5 шақырым жол жөнделіп, тағы 5 шақырымында жұмыстар жалғасып жатыр.
Білім, спорт және мәдениет саласына да көңіл бөлінуде
Білім беру нысандарының жағдайын жақсарту бағытында Бекбосынов атындағы орта мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Кеңгірбай би ауылындағы балалар лагерінің құрылысын аяқтауға қажетті қаржы қарастырылып, нысанды биыл іске қосу жоспарланған.
Спорт саласында Көкбай және Саржал ауылдарында спорт модульдерінің құрылысы жүріп жатыр.
Ал «Қазақстан халқына» қорының «Kitap–Lab» жобасы аясында Қарауыл ауылындағы орталық кітапхана, сондай-ақ Көкбай және Қасқабұлақ ауылдық кітапханалары жаңғыртылуда.
Аудан тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта тиісті жұмыстарды жоспарлау кезінде ескерілмек. Басты мақсат – елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартып, жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс орындарын көбейту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру.





