Қоғам 59 қаралымabaidan.kz

Абай елінде Республика күні: Көк Ту көкте қалықтап, елдік рух асқақтады

Абай елінде Республика күні: Көк Ту көкте қалықтап, елдік рух асқақтады

Абай облысында 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесі айрықша салтанатпен аталып өтті. Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында орналасқан Рәміздер алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеру рәсімі ұйымдастырылып, елдік пен бірліктің, тәуелсіздік пен отаншылдықтың символына айналған көк Ту көкке көтерілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, жастар, әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатысып, ұлық мерекенің қуанышын бірге бөлісті.

Абай елінде Республика күні: Көк Ту көкте қалықтап, елдік рух асқақтады

Көк аспанмен астасқан Мемлекеттік Ту көтерілген сәтте Рәміздер алаңында ерекше рух пен көтеріңкі көңіл күй орнады. Ұлттық мерекеге арналған патриоттық акция ел тәуелсіздігін ұлықтап, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезім ұялатуды мақсат етті.

Абай елінде Республика күні: Көк Ту көкте қалықтап, елдік рух асқақтады
Абай елінде Республика күні: Көк Ту көкте қалықтап, елдік рух асқақтады
Абай елінде Республика күні: Көк Ту көкте қалықтап, елдік рух асқақтады

Мерекелік жиында облыс әкімі Берік Уәли жиналған жұртшылықты Республика күнімен құттықтап, бұл күннің тарихи маңызына тоқталды. Оның айтуынша, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды қадамы әрі мемлекеттілігіміздің құқықтық негізін қалаған тарихи құжат болды.

– Еліміздегі ұлық мереке – 25 қазан Республика күнімен және Мемлекеттік ту көтеру рәсімімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бүгін біз осы тарихи күнде «Абайға құрмет» акциясы аясында салынған алғашқы нысан – Солтүстік Қазақстан облысының Абай еліне тартуы Рәміздер алаңында жиналып отырмыз. Алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы желбіреген биіктігі 35 метрлік ту тұғыры бой көтеріп, Мемлекеттік Елтаңба мен Мемлекеттік Әнұранның мәтіні орнатылды. Биыл ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында орнатылған 35 метрлік ту тұғырды тарихқа тағзым, Алаш аманатының орындалуы деп білеміз, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәуелсіздікті сақтау мен нығайтудың маңызын атап өткен сөзін тілге тиек етіп, ел бірлігін бекемдеу мен Отан игілігі жолында еңбек ету әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін жеткізді.

Абай елінде Республика күні: Көк Ту көкте қалықтап, елдік рух асқақтады

Шынында да, көк байрағымыздың биікте желбіреуі – азаттықтың айғағы, ұрпақтар сабақтастығының белгісі. Ал 35 метрлік ту тұғыры ел тарихына құрметті, болашаққа деген сенімді және тәуелсіздіктің қадірін терең сезінуді бейнелейді.

Ұлттық мереке Абай облысында тек салтанатты рәсіммен ғана шектелмейді. Мереке аясында өңір бойынша патриоттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылуда. Олардың қатарында мерекелік концерттер, салтанатты жиындар, дөңгелек үстелдер, зияткерлік ойындар мен спорттық жарыстар бар.

Бұл бастамалар өскелең ұрпақтың ел тарихына деген құрметін арттырып, азаматтық жауапкершілікті нығайтуға және қоғамдағы ынтымақты бекемдеуге бағытталған.

Абай елінде Республика күні: Көк Ту көкте қалықтап, елдік рух асқақтады

Республика күні – өткенге тағзым етіп қана қоймай, бүгінгі жетістіктерді бағалап, ертеңгі мақсаттарды айқындайтын маңызды мереке. Егемендік жылдарында өңірлердің дамуы, әлеуметтік инфрақұрылымның жаңаруы және өндірістік әлеуеттің артуы ел болашағына деген сенімді нығайта түсуде.

Ұлттық мереке қарсаңында Абай облысында тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан пайдалануға беріліп, маңызды жобалар жүзеге асырылды.

Үржар ауданында заманауи бейнебақылау жүйесімен жабдықталған Жедел басқару орталығы ашылды. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтардың алдын алу ісіне тың серпін беретін маңызды бастама болды. Сонымен қатар Бородулиха және Үржар аудандарына жаңа жедел жәрдем автокөліктері табысталды.

Семей қаласында облыстық көпсалалы аурухананың құрылысы басталды. Денсаулық сақтау саласындағы бұл жоба тұрғындарға медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосады.

Мәдениет пен білім саласы да назардан тыс қалған жоқ. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жеті аудандағы кітапханалар жаңғыртылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ал Абай атындағы кітапхананың көрермендер залы күрделі жөндеуден өтті.

Аягөз ауданының Қопа ауылында жаңа спорт кешені ашылып, Бородулиха ауылындағы Достық үйі жаңартылды. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен шұғылдануына және мәдени-рухани байланыстарды нығайтуына мүмкіндік береді.

Абай елінде Республика күні: Көк Ту көкте қалықтап, елдік рух асқақтады
Абай елінде Республика күні: Көк Ту көкте қалықтап, елдік рух асқақтады

Әрбір ашылған нысанның артында ел игілігіне бағытталған еңбек, халықтың үміті мен болашаққа деген сенім жатыр. Осындай игі істер Республика күнінің мән-маңызын тереңдете түседі.

Мереке қарсаңындағы маңызды оқиғалардың бірі – 20 қазанда Аягөз ауданындағы Ақтоғай мыс балқыту зауытының іргетасын қалау рәсімі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы салтанатты шараға қатысып, ірі өндіріс орны құрылысының басталуына жол ашты.

Бұл жоба өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, экономикалық белсенділікті күшейтуге және жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады. Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған 35 кітаптан тұратын «Мирас» балалар кітаптары сериясының таныстырылымы өтті. Рухани-танымдық жоба жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, ұлттық тарих пен мәдени мұраны өскелең ұрпаққа танытуға үлес қосады. Өндіріс пен мәдениетті, әлеуметтік дамуы мен рухани құндылықтарды қатар өркендету – тәуелсіз елдің кемел келешегіне бастайтын маңызды бағыттар. Абай облысында қолға алынған бастамалар осы мақсатпен үндесіп жатыр.

Абай елінде Республика күні: Көк Ту көкте қалықтап, елдік рух асқақтады
Абай елінде Республика күні: Көк Ту көкте қалықтап, елдік рух асқақтады

Мемлекеттік ту көтеру рәсімі мерекелік концертке ұласты. «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстан!» атты концерттік бағдарламада Қазақстанның Халық әртісі Өмірқұл Айниязов, әнші Ұшқын Жамалбек, «ETHNO ARLAN» және «Семсер» топтары өнер көрсетті. Әсем ән мен патриоттық әуендер мерекенің шырайын кіргізіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнерпаздардың өнері арқылы Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген құрмет пен ел болашағына деген сенім айқын көрініс тапты. Бейбітшілік аралындағы Рәміздер алаңында көкке көтерілген Ту – барша қазақстандықтарды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын қасиетті нышан. Оның желбіреген әрбір сәті халқымыздың азаттық жолындағы тарихын, бүгінгі жетістіктерін және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігін еске салады.

Республика күні – елдігімізді айшықтап, бірлігімізді бекемдейтін, тәуелсіздігіміздің қадірін ұғындыратын ұлық мереке. Абай елінде өткен салтанатты шара осы құндылықтарды тағы бір мәрте дәріптеп, туған жердің өркендеуі жолындағы ортақ мақсаттарға жігер қосты.

Көк Туымыз әрдайым биікте желбіреп, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем, еліміздің еңсесі биік болсын!

Фото Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі және abaidan.kz.