Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 44 қаралымabaidan.kz

Абай облысында республикалық маңызы бар жолдарды жаңарту жұмыстары жалғасуда

Абай облысында республикалық маңызы бар жолдарды жаңарту жұмыстары жалғасуда

Абай облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңарту, жөндеу және күтіп-ұстау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Аймақтағы жол инфрақұрылымының қазіргі жағдайы мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Абай облыстық филиалының директоры Айбек Ануарбеков ӨКҚ өткен брифингте баяндады.

Абай облысының республикалық желісіндегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2 175 шақырымды құрайды. Оның ішінде биыл 447,5 шақырымда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 188 шақырым жолда қайта жаңарту, 259,5 шақырымда жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Қалбатау – Майқапшағай жолы пайдалануға берілді

Өңірдегі ірі жобалардың бірі – «Қалбатау – Майқапшағай» автомобиль жолын қайта жаңарту. Қытай Халық Республикасынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі халықаралық транзиттік дәліздің маңызды бөлігі саналатын бұл учаскенің ұзындығы 188 шақырым.

«Қалбатау – Майқапшағай» автомобиль жолының 915–1103 шақырымдары аралығындағы жобаның жалпы құны 107,5 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта нысандағы негізгі жұмыстар толық аяқталып, бөлінген қаражат 100 пайыз игерілген.

Жоба аяқталғаннан кейін жолдың өткізу қабілеті мен қауіпсіздігіне басымдық беретін қосымша инфрақұрылымдық жұмыстар да қолға алынған.

Мәселен, Байбұра асуындағы 970-шы шақырымда үнемделген 810 млн теңге қаражат есебінен жылыту пунктін жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Мұнда жол қызметтерінің қысқы кезеңдегі жұмысын ұйымдастыруға және жол қозғалысына қатысушыларға жедел көмек көрсетуге қажетті жағдай жасалмақ.

Сонымен қатар үнемделген 571 млн теңге қаражат есебінен жылдамдықты бақылауға арналған бес аркалы құрылғы орнатылған. Металл конструкцияларды монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Ендігі кезекте инфрақұрылым нысандарын электрмен жабдықтау үшін жалпы ұзындығы 5,2 шақырым электр беру желілерінің тіректерін орнату және қосу жұмыстары жүргізілуде.

Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында авариялық учаскелердің біріне қосымша 1 700 қума метр барьерлік қоршау орнатылған. Бұдан бөлек, бес лазерлік ескерту жүйесі мен бір автоматты өлшеу жүйесі қарастырылған.

Автоматты өлшеу жүйесі көлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, белгіленген талаптардан асатын ауыр жүк көліктерін анықтап, жол жамылғысының сақталуына ықпал етеді.

Өңірдің сәулеттік келбетін қалыптастыру және облыс шекарасын айқындау мақсатында автомобиль жолының бойына «Абай облысы» стеласы да орнатылған.

Төрт бағытта сегіз нысан жөнделуде

Биыл облыс аумағында ҚДБ-1, ҚДБ-2 және ақылы жол жобалары аясында төрт негізгі бағыт бойынша сегіз нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Олар – «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз», «Өскемен – Семей», «Семей – Қалбатау» және «Семей – Ресей Федерациясының шекарасы» автомобиль жолдары.

Олардың бір нысаны – «Өскемен – Семей» автомобиль жолының 147–198 шақырымдары аралығы пайдалануға берілді.

«Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз» бағытында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Абай облыстық филиалы құрылған 2023 жылдан бері 92 шақырым жол жөнделген. Биыл ұзындығы 66 шақырым болатын үш нысанды аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл учаскелерде жұмыстар аяқталуға жақын.

Ал 2026–2027 жылдары аталған бағыттағы тағы 52 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Сонымен бірге ауыр жүк көліктерін өлшейтін екі автоматты өлшеу құрылғысын орнату қарастырылған.

«Өскемен – Семей» автомобиль жолының тағы екі учаскесінде – 103–105 және 127–147 шақырымдар аралығында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жобаларды қараша айында аяқтау көзделген. Осы жұмыстар толық біткеннен кейін аталған бағыттағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 100 пайызға жетеді.

«Семей – РФ шек.» автомобиль жолы бойынша жалпы ұзындығы 66,8 шақырым болатын үш нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта ресайклер жұмыстары толық аяқталып, асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары 95 пайызға орындалған. Нысандарды қазан-қараша айларында пайдалануға беру жоспарланған. Жұмыстар аяқталған соң бұл бағыттағы жолдардың жақсы жағдайдағы көрсеткіші де 100 пайызға жетпек.

Ал «Омбы – Майқапшағай» автомобиль жолының Семей – Қалбатау аралығындағы 53,5 шақырымдық учаскесінде ақылы жол жобасы аясында орташа жөндеу жүргізілуде. Биыл 20 шақырым жолды жөндеу жоспарланғанымен, қазіргі таңда 23 шақырымда жұмыс аяқталған.

Төрт өткізу пункті қайта жаңғыртылады

Абай облысында автомобиль өткізу пункттерінің инфрақұрылымын жаңғыртуға да басымдық берілуде.

Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің 2025 жылғы 14 мамырдағы отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау шеңберінде облыс аумағындағы «Ауыл», «Қоянбай», «Жезкент» және «Байтанат» атты төрт автомобильдік өткізу пунктін қайта жаңарту жобаларын іске асыру жоспарланған.

Бұл жұмыстар шекаралық өткізу инфрақұрылымын жаңғыртып, оның қазіргі талаптарға сай жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге бағытталған.

Қысқы кезеңге дайындық күшейтілуде

Республикалық маңызы бар 2 175 шақырым автомобиль жолын күтіп-ұстау жұмыстары «ҚАЖсервис» ЖШС Абай облыстық филиалының қарауында.

Бұл жолдарда 100 көпір, 1 382 су өткізу құбыры, 37 демалыс алаңы, 133 автопавильон, 5 санитариялық-гигиеналық орын және 91 дала дәретханасы бар.

Ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырма аясында жолдарды күтіп-ұстауға 1,6 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат толық игерілген. Ақылы жолдарға 1,5 млрд теңге қарастырылып, оның 1 млрд теңгесі игерілген.

Абай облысы бойынша «ҚАЖсервис» филиалында 308 қызметкер еңбек етеді. Кәсіпорын құрамында жеті жол пайдалану бөлімі және жеті жол пайдалану пункті жұмыс істейді.

Жолдарды күтіп-ұстаудың маңызды кезеңдерінің бірі – қысқы маусымға дайындық. Қазіргі уақытта облыста қысқы кезеңде пайдаланылатын 116 бірлік техника бар. Оның 106-сы, яғни 91 пайызы жарамды жағдайда. Қалған 10 техниканы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен бірге қызмет көрсетілетін жол учаскелерінің ұлғаюына байланысты қосымша 45 бірлік қысқы техника қажет. Оның ішінде 16 қар тазалайтын машиналар, 13 грейдер, 10 шнекоротор, 2 МТЗ және 4 тиегіш бар.

«Қазіргі таңда өткір тұрған мәселе – таңбалау машинасын, бағандар қағатын техниканы, автогидрокөтергіш пен дөңгелекті экскаваторды сатып алу қажеттілігі», – деді Айбек Ануарбеков.

Көктайғаққа қарсы материалдар әзірленуде

Қыс мезгілінде республикалық маңызы бар жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті материалдарды дайындау жұмыстары да жүргізілуде.

Жоспар бойынша 5 500 текше метр құм, 3 900 тонна тұз, 7 900 текше метр елеуіш материал және 1 500 тонна реагент қажет. Сонымен қатар 1 600 тонна көмір және 900 дана шарбақ дайындалуы тиіс.

Көктайғаққа қарсы материалдарды толық жеткізу қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Абай облысында қар басу қаупі бар жол учаскелерінің жалпы ұзындығы 147,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде «Омбы – Майқапшағай» бағытында – 41 шақырым, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» бағытында – 71 шақырым, «Таскескен – Бахты» бағытында – 8,5 шақырым, «Семей – РФ шек.» – 1 шақырым, «Семей – Қайнар» – 10 шақырым, «Өскемен – Семей» – 8,8 шақырым және «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз» бағытында 7 шақырым учаске қарлы аймаққа жатады.

Осылайша, Абай облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жөндеу және жаңғырту жұмыстары қатар жүргізіліп, негізгі бағыттардағы жол сапасын жақсартуға басымдық берілуде. Бұған қоса, қысқы кезеңге қажетті техника мен материалдарды дайындау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа жүйелерді енгізу және жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.