Қоғам 48 қаралымabaidan.kz

Семейде жаз бойы ыстық су беру тұрақты жолға қойылды

Семейде жаз бойы ыстық су беру тұрақты жолға қойылды

Семей қаласында биыл жаз мезгілінде тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесінде оң өзгеріс байқалды. Қала тарихында алғаш рет жаз бойы ыстық су тұрақты беріліп, мыңдаған тұрғынның тұрмыстық жағдайы жақсарды.

Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәли «SEMEI» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Аймақ басшысының айтуынша, 2026 жылдың жазғы кезеңінде Семей қаласындағы 4 жылу көзінен 551 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізілген. Нәтижесінде 47,8 мың абонент орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етілді.

Бұл көрсеткіш қаладағы ыстық су жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің 77,6 пайызын және абоненттердің 98,4 пайызын құрайды.

Жаз айларында ыстық судың үздіксіз берілуі – қала тұрғындары үшін маңызды жаңалық. Бұған дейін жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарына байланысты жаз мезгілінде ыстық судың берілуінде үзілістер болып келген.

Биыл қол жеткізілген нәтиже Семейдің коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстардың маңызын көрсетеді. Алдағы уақытта жылу жүйелерін дамыту мен тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын арттыру қаладағы өзекті міндеттердің бірі болып қала бермек.