2026 жылғы 15 қыркүйекте Стамбұл қаласында Қазақстандағы Түркітілдес журналистер қоры және Қазақстан Әйел журналистер клубының Түркиядағы Мәдени мұраны сақтау және жаңғырту қауымдастығының серікиестігінде ұйымдастырған«Түркі әлемінің ортақ медиа кеңістігі: цифрлық интеграция мен жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында VII Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумы өтті. Стамбұл қаласы Фатих ауданы әкімдігі мен Түркиядағы Халықаралық форумға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Германия, Бельгия, Швейцария, Франция, Солтүстік Кипр және басқа да елдерден журналистер, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, медиа ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, PR-мамандар, баспасөз хатшылары мен жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.
Медиафорумның ашылу салтанатында Қазақстандағы Түркітілдес журналистер қорының президенті, Қазақстан Әйел журналистер клубының жетекшісі Бисен Назия Жоямергенқызы құттықтау сөз сөйледі.

Ол Стамбұл кездесуінің жай ғана кәсіби форум емес, түбі бір түркі халықтарының ортақ құндылықтарын дәріптейтін, журналистер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын және жаңа бастамаларға жол ашатын маңызды алаң екенін атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – бір ғана ақпараттық платформа құру емес. Ең бастысы – бір-бірімізді тыңдайтын, қолдайтын және ортақ мүдделерді халықаралық аудиторияға бірге таныстыратын кәсіби қауымдастық қалыптастыру. Біздің күшіміз – бірлікте, ортақ мұрамыз – тарихымыз бен тілімізде, ал болашағымыз – өзара сенім мен ынтымақтастықта», – деді Бисен Назия Жоямергенқызы.
Форум барысында түркі мемлекеттерінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыру, журналистер арасында жедел ақпарат алмасу тетіктерін дамыту, цифрлық ынтымақтастықты нығайту және ортақ рухани-мәдени құндылықтарды әлемдік аудиторияға кеңінен таныту мәселелері талқыланды.

Ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық интеграция
Алғашқы сессияларда ортақ ақпараттық кеңістікті қалыптастырудың стратегиялық мүмкіндіктері, ақпараттық қауіпсіздік, жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың журналистикаға ықпалы, халықаралық хабар тарату стандарттары, трансшекаралық медиажобалар және бірлескен контент өндірісі қарастырылды.
Қатысушылар түркі мемлекеттерінде болып жатқан маңызды оқиғалар туралы ақпаратты үшінші тараптың дереккөздерінен емес, тікелей өзара алмасуға мүмкіндік беретін кәсіби медиа желілерді дамыту қажеттігін атап өтті.
Білім беру және кәсіби ынтымақтастық
Форумда түркі мемлекеттерінің білім беру және медиа салаларындағы ықпалдастығына ерекше назар аударылды. Журналистика саласындағы оқу бағдарламаларын жасанды интеллект дәуірінің талаптарына бейімдеу, академиялық ұтқырлықты дамыту, халықаралық тағылымдамалар мен медиарезиденциялар ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Сонымен бірге жас журналистердің тәжірибе алмасуына, кәсіби білімін жетілдіруіне және халықаралық деңгейде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін ортақ медиа мектебін құру бастамасы көтерілді.
Түркі әлемінің ортақ бренді
Форумның арнайы сессиясында Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға ықпал ететін ортақ түркі брендін қалыптастыру, мәдени дипломатияны, этнотуризм мен экотуризмді дамыту мәселелері талқыланды.

Спикерлер түркі халықтарының рухани-мәдени құндылықтарын халықаралық деңгейде таныту, этноспорт пен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын насихаттау, әлеуметтік желілерде сапалы әрі тартымды контент әзірлеу жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті.
Өңірлік медианың қаржылық тұрақтылығы
Келесі сессия өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының экономикалық тұрақтылығын күшейтуге арналды. Дәстүрлі медианың цифрлық трансформациясы, гибридті бизнес-модельдер, жергілікті бизнеспен кооперация, мақсатты аудиторияны монетизациялау және медианың қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз ету жолдары қарастырылды.
Қатысушылар медианың тұрақты дамуы үшін жаңа технологияларды игерумен қатар, тиімді басқару мен заманауи қаржыландыру тетіктерін қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Аднан және Фатма Өзтүркке арнайы марапат табысталды

Медиафорум аясында Германияның Билефельд қаласында 40 жылдан бері «Öztürk» газетін шығарып келе жатқан Аднан Өзтүрк пен Фатма Өзтүркке журналистика саласына сіңірген ұзақ жылғы еңбегі үшін арнайы марапат табысталды.
Бұл марапат олардың Еуропадағы түркітілдес баспасөзді дамытуға, түркі халықтарының мәдениеті мен рухани құндылықтарын насихаттауға және шетелдегі түркі қауымдастығының ақпараттық байланысын нығайтуға қосқан үлесінің белгісі болды.
Форум жұмысына белсенді қатысып, кәсіби тәжірибесі мен маңызды ой-пікірлерін ортаға салған спикерлер мен модераторларға арнайы Алғыс хаттар тапсырылды.

Ұйымдастырушылар форумға қолдау көрсеткен Стамбұлдағы Kültürel Mirası Koruma ve Yaşatma Derneği ұйымына, Фатих муниципалитетіне, серіктестерге, спикерлерге, модераторларға және арнайы келген қонақтарға ризашылықтарын білдірді.
VII Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумы кәсіби пікір алмасуға, жаңа байланыстар орнатуға және бірлескен халықаралық медиажобаларды талқылауға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.

Форумға қатысушылар ортақ телебағдарламалар, деректі фильмдер, ақпараттық платформалар, журналистік зерттеулер, білім беру бағдарламалары мен халықаралық медиафорумдарды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделі екендерін білдірді.
VII Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумы





