Жарма ауданындағы Үшбиік, Жарма және Шар станцияларында жаңғыртылған теміржол вокзалдары пайдалануға берілді. Енді аталған елді мекендердің тұрғындары заманауи талаптарға сай жабдықталған, жайлы әрі қауіпсіз вокзал қызметін пайдалана алады.
Үш бірдей нысанның ашылу салтанатына Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, жаңа вокзалдардың өңір тұрғындары үшін маңызын атап өтті.

Теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бағдарламасы аясында жүргізілуде. Республика бойынша жаңғыртылатын 124 вокзалдың 10-ы Абай облысында орналасқан.
Жарма ауданындағы жаңарған үш вокзалдың әрқайсысында жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген. Күту залдары мен қызмет көрсету орындары жаңартылып, қажетті жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың еркін қозғалуына мүмкіндік беретін қолжетімді орта қарастырылған.
Шардағы вокзалдың аумағы кеңейді

1982 жылы салынған Шар қаласындағы вокзал ғимараты жаңғырту барысында толық өзгеріске түсті. Нысанның аумағы 413 шаршы метрден 654 шаршы метрге дейін ұлғайтылып, бір қабатты ғимарат екі қабатты нысанға айналды.
Вокзалға лифт орнатылып, жолаушыларды күту және қызмет көрсету орындары қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Ең басты жаңалықтардың бірі – ұзындығы 716 метр болатын аралдық перронның салынуы.
Үшбиіктегі вокзал да жаңа кейіпке енді
1995 жылы пайдалануға берілген Үшбиік станциясының вокзалына соңғы күрделі жөндеу 2012 жылы жүргізілген еді. Биылғы жаңғырту жұмыстары нәтижесінде оның аумағы 83,7 шаршы метрден 201,1 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.
Ғимараттың ішкі бөлігі жаңартылып, жолаушыларға арналған күту және қызмет көрсету бөлмелері заманауи талаптарға сай жабдықталды.

Жармада ескі ғимараттың орнына жаңа вокзал салынды
Ал Жарма станциясында бұдан да ауқымды жұмыс атқарылды. 1996 жылы салынған ескі вокзал техникалық талаптарға сәйкес келмегендіктен толық бұзылып, оның орнына жаңа ғимарат бой көтерді.
Жаңа вокзалдың аумағы 217 шаршы метрден 347,7 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Жолаушыларға арналған бөлмелер қайта жабдықталып, 420 метрлік перрон жаңартылды.
Жаңа вокзал Жарма кентінің ғана емес, жақын маңдағы Қызылағаш, Аршалы, Қарабұлақ ауылдарының тұрғындары үшін де маңызды. Себебі аталған елді мекендердің халқы теміржол қатынасында осы станцияны пайдаланады.
«Бүгін біз үшін қуанышты күн. Жаңа вокзал тек Жарма кентінің тұрғындарына ғана емес, осы маңайдағы ауылдарға да қажет. Вокзалдың жаңа кейіпке енгеніне ризамыз», – дейді Жарма ауылының тұрғыны Тәуірбек Наушабаев.
Жарма ауданындағы үш станция арқылы «Семей–Астана», «Новосибирск–Алматы», «Павлодар–Алматы», «Семей–Қызылорда» және «Өскемен–Алматы» бағыттарындағы жолаушылар пойыздары қатынайды.

Айта кетейік, Абай облысындағы теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Маусым айында Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш станцияларының вокзалдары пайдалануға берілді. 27 тамызда Курчатов қаласындағы Дегелең станциясының жаңа вокзалы ашылды.
Ал 1 қыркүйекте Мақаншы ауданындағы Жалаңашкөл станциясының вокзалын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Семей, Аягөз қалаларындағы және Ақтоғай кентіндегі теміржол вокзалдарын қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беру көзделген.
Жаңарған вокзалдар – ең алдымен, жолға шыққан жолаушыға жайлы жағдай, қауіпсіздік және сапалы қызмет көрсету үшін жасалған мүмкіндік. Өңірдегі бұл жұмыстар теміржол инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, елді мекендер арасындағы байланысты жақсартуға ықпал етпек.





