Жастарға заң мен тәртіп құндылықтарын насихаттауға бағытталған Stand Up кеші өтті
Абай облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдағы заңға құрмет құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Stand Up» форматындағы кеш ұйымдастырылды.

Іс-шараға өңірге танымал стендап-комик Дулат Сапатай қатысып, жастармен еркін форматта кездесу өткізді. Кеш барысында қоғамдағы тәртіп, жауапкершілік, құқықтық сана, жастар мәдениеті мен әлеуметтік мәселелер әзіл мен заманауи формат арқылы қозғалып, қатысушылар арасында ашық пікір алмасу өтті.

Сонымен қатар, жастар арасында өзекті болып отырған жол қауіпсіздігі, интернет кеңістігіндегі жалған ақпараттар мен дипфейк технологияларының қаупі, экологиялық мәдениет және «Таза Қазақстан» бастамасының маңыздылығы да қамтылды. Қатысушыларға қоғамдық тәртіпті сақтау, цифрлық қауіпсіздікке мән беру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау жөнінде кеңінен ақпарат берілді.

Шараға қала жастары, студенттер мен белсенді жастар қатысып, кездесу ашық пікір алмасу алаңына айналды. Қатысушылар құқықтық сауаттылық, қоғамдық тәртіп және жастар арасындағы өзара құрмет құндылықтары жөнінде өз ойларын ортаға салды.