Жастардың рухани дамуы мен ақпараттық сауаттылығы назарда

Жастардың рухани дамуы мен ақпараттық сауаттылығы назарда

«Дін, жастар және қазіргі заманның сын-қатерлері» тақырыбында подкаст ұйымдастырылды. Бұл туралы Талдау және ақпараттық-түсіндіру бөлімінің басшысы Дарын Садыков пен «SOCKZ» қоғамдық қорының волонтері Амангүл Әлібекқызы айтты. Аталған іс-шара Абай облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Подкаст барысында жастардың діни сауаттылығын арттыру, ақпараттық қауіпсіздік және деструктивті идеологиялардың алдын алу мәселелері талқыланды. Дарын Садыковтың айтуынша, дінді экстремизмнен ажырата білу өте маңызды. Өйткені дәстүрлі дін адамгершілік пен ізгілік құндылықтарын дәріптесе, экстремистік ағымдар дінді өз мақсаттарына пайдалануға тырысады. Сондай-ақ ол діни қауіпсіздік мәселелерін түсіндіруде қорқыныш емес, білім беру мен түсіндіру жұмыстарына басымдық берілуі қажет екенін атап өтті. Спикердің сөзінше, жастар әртүрлі ақпараттық ықпалдардың негізгі нысанына айналып отыр. Сондықтан олардың сыни ойлау қабілетін дамыту және сенімді ақпарат көздерін пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды. Амангүл Әлібекқызы жастар арасында дін мен дәстүрдің арақатынасы, әлеуметтік желілердегі діни контенттің сапасы және діни білім алу мәселелері жиі талқыланатынын айтты.

– Әлеуметтік желілер жастардың дүниетанымына үлкен әсер етеді. Сондықтан жастар ақпаратты саралап, ресми дереккөздерге сүйенуі қажет. Ақпараттық қысым жағдайында қазіргі жас білімді, жауапты және сыни ойлай алатын тұлға болуы тиіс, – деді ол.

Кездесу соңында қатысушылар діни сауаттылықты арттыру, ақпараттық мәдениетті қалыптастыру және жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қоғам тұрақтылығының маңызды факторларының бірі екенін атап өтті.


#Абай облысы, #жастар, #дін, #еріктілер