Білім 62 қаралымabaidan.kz

«Ерлік сабағы»: жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызы

«Ерлік сабағы»: жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызы

Семей қаласындағы Политехникалық колледжде студенттерге арналған «Ерлік сабағы» атты тағылымды кездесу өтті.

Іс-шараны «Абай облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және әскери қызметке деген құрметті нығайту.

Тағылымды шараның ашылуында колледж директоры Асқар Нұрғожин мен Абай облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Кенесары Қуаныш құттықтау сөз сөйлеп, жастар тәрбиесіндегі патриоттық бағыттағы кездесулердің маңыздылығына тоқталды.

Кездесу барысында Абай облысы қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, подполковник Қанат Шарипханов, Руслан Геннадьевич Кунаков және «Ұлағат» жастар үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары Айша Айшекова сөз сөйлеп, студенттермен ой бөлісті.

Спикерлер Отан алдындағы азаматтық борыш, әскери қызметтің жауапкершілігі мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі патриотизмнің рөлі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ жастардың ел болашағына қосар үлесі мен қоғам алдындағы жауапкершілігіне назар аударылды.

Кездесу ашық диалог форматында жалғасып, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, спикерлермен еркін пікір алмасты. Әсіресе, Отан алдындағы жауапкершілік пен әскери қызметке қатысты тақырыптар кеңінен талқыланды.

«Ерлік сабағы» – жастарға ел тарихы мен тәуелсіздіктің қадірін түсіндіріп қана қоймай, азаматтық ұстанымы берік, елжанды ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды шара.

Осындай тағылымды кездесулер жас буынның бойында отансүйгіштік рухты қалыптастырып, туған елге қызмет ету – әр азаматтың қасиетті парызы екенін ұғындыруға ықпал етеді.