Жұмыс іздеу жеңілдейді: жаңа жүйе іске қосылады
Қазақстанда жұмыспен қамту жүйесі жаңарып, азаматтарға жұмыс табуды жеңілдететін жаңа тәсіл енгізілді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде жұмыспен қамтуға қатысты барлық қызмет электронды форматқа көшірілген. Енді келесі қадам – азаматтарға жұмысты өздігінен ұсынатын жаңа жүйеге көшу.
– Жаңа тәсіл бойынша мемлекет азаматтың өтініш беруін күтпейді. Жүйе адамның білімі, мамандығы мен еңбек тәжірибесіне қарай лайықты жұмыс нұсқаларын өзі ұсынады, - деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, бұл жүйе нақты уақыт режимінде жұмыс істейді. Азаматтың деректері талданып, соған сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылады.
– Егер адам жұмысынан айырылса, ол өтініш бермей-ақ, жүйе оған жаңа жұмыс нұсқаларын жолдайды. Бұл жұмыспен қамту процесін жеделдетеді, - деді Бахтияр Жазықпаев.
Сонымен қатар интернет арқылы жұмыс істейтін азаматтар да осы жүйеге қосылып жатыр. Қазір мұндай платформалар арқылы 395 мыңнан астам адам еңбек етеді.
– Осы бағытта зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыруға 10,7 млрд теңгеден астам қаражат аударылды. Бұл азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтеді, - деді ол.
Бұдан бөлек, студенттердің өндірістік тәжірибесі де толық цифрлық форматқа көшірілді. Енді барлық процесс онлайн жүргізіледі. Қазір жүйеде 17 мыңнан астам студент тіркеліп, шамамен 6 мың электрондық келісімшарт жасалған. Вице-министрдің айтуынша, жаңа жүйе жұмыс табуды жеңілдетіп қана қоймай, еңбек нарығын ашық әрі тиімді етуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жұмыспен қамту шаралары арқылы 39,9 мың қазақстандық тұрақты жұмысқа орналастырылды.
kaz.inform.kz