"Жұмысшы мамандықтар жылы": Жаңа реалити-шоу көрерменге жол тартады
Қазақстанда "Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында ірі реалити-шоу көрерменге жол тартады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны белгілі.
Бұл тарихи шешім – ел дамуының негізгі тетігі болып отырған қарапайым еңбек адамдарына көрсетілген зор құрметтің белгісі. Олар – қолымен қала тұрғызып, жол төсеп, жарық пен жылу жеткізіп, өндіріс пен тұрмыстың күретамырын ұстап тұрған нағыз майталмандар. Шын мәнінде, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі бейнесін қалыптастырып, ертеңін нықтайтын қаһармандар да – осы жандар. Осыған орай жаңа маусымда «Хабар» телеарнасы ел тарихында бұрын-соңды болмаған әлеуметтік маңызы зор ірі жобаны – «Шеберлер шайқасы» атты реалити-шоуды ұсынбақ. Жоба қазан айында басталып, жыл соңына дейін жалғасады, - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр шоудың басты кейіпкерлері кім болатынына тоқталды.
Оның басты кейіпкерлері – дәнекерлеуші, құрылысшы, электрик, аспаз, өрт сөндіруші сынды күнделікті тұрмысқа тірек болып жүрген әртүрлі жұмысшы мамандық иелері. Олардың қажырлы еңбегі – қоғам тыныштығы мен ел тұрақтылығының кепілі. Бұл жоба – жай ғана телешоу емес. Мұнда эмоция мен тартыс, шынайы күрес пен адамдық қасиет қатар өрбиді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлер өз кәсіби білігін, өмірлік тәжірибесін, төзімділігін және командалық рухын сынға салады. Қатысушылар нақты еңбек процесіне жақындатылған жағдайда: зауытта, құрылыс алаңында, шеберханада немесе өндірістік ортада тапсырмаларды орындайды, - деді Аида Балаева.
Айтуынша, әрбір шығарылым – бір адамның тағдырына, өмір жолына арналған деректі оқиға. Мұнда шебердің жан толғанысы мен табандылығы, жеңілісі мен жеңісі көрініс табады.
Бұл – тек бәсеке емес, еңбектің қадірін түсінетін әрбір жанға өзін танытуға, кәсібін дәріптеуге, елдің алғысына бөленуге берілген бірегей мүмкіндік. Жеңімпаздар үшін қомақты жүлде қоры қарастырылған. Ал, көрермендер нағыз еңбектің иесі – шынайы батырлардың бейнесін тамашалап, рухани шабыт алады. «Шеберлер шайқасы» – адал еңбек пен шынайы шеберлікті дәріптейтін жоба. Бұл бағдарлама – маңдай тердің қадірін бағалап, еңбектің ел болашағына берік іргетас екенін айқын көрсететін ұлттық деңгейдегі маңызды бастама, - деп атап өтті министр.