Астанада Конституциялық реформаға арналған жастардың диалог алаңы өтті
Бүгін елордада студенттік өзін-өзі басқару көшбасшылары мен белсенді жастардың қатысуымен «Конституциялық реформа – елдің ұзақ мерзімді дамуының негізі» тақырыбында диалог алаңы ұйымдастырылды. Нәтижесінде қатысушы жастар еліміздің Негізгі Заңына енгізілетін өзгерістерді толықтай қолдап, арнайы мәлімдеме жасады.

Диалог алаңы «Ауыл» партиясының Орталық аппаратында өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси жаңғырулардың қорытынды кезеңі саналатын жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланды. Жиынды ашқан «Ауыл» партиясы Орталық аппарат басшысының орынбасары Нұрхат Ораш жаңа Конституцияның идеологиялық маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ұсынылып отырған құжат «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларын заңдық деңгейде бекітуді көздейді.

– Бұл құжат – жай ғана құқықтық ережелер жиынтығы емес, бұл – «Әділетті Қазақстанның» жаңа философиясы. Жаңа Конституцияда вице-президент институтын енгізу және Құрылтайдың жаңа архитектурасын қалыптастыру билік сабақтастығы мен ұлттық басқару дәстүрінің заманауи үйлесімін қамтамасыз етеді, – деді Нұрхат Ораш.
Іс-шара барысында тек пікір алмасу ғана емес, жастардың саяси ұстанымы да айқындалды. Еуразия ұлттық университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және Қазақ ұлттық спорт университетінің студенттік көшбасшылары реформаларға қатысты өз көзқарастарын білдіріп, Конституцияның жаңа жобасын бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді. Жиынға қатысқан студенттік ұйымдар мен белсенді жастар реформаны елдің демократиялық бағытын айқындайтын, азаматтық қоғамды нығайтатын тарихи қадам ретінде бағалады. Олардың пікірінше, жаңа Конституция адам капиталына, білім мен инновацияға басымдық бере отырып, жас буын үшін жаңа әлеуметтік баспалдақтар мен құқықтық кепілдіктерге жол ашады. Сонымен қатар, сарапшылар мен саясаттанушылар Д. Прімбетов пен Е. Елемес реформа аясында бір палаталы Парламенттің енгізілуі және партиялық жүйенің жандануы елдегі саяси мәдениетті жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті. Сондай-ақ, Негізгі Заңға өзгерістер енгізудің тек бүкілхалықтық референдум арқылы жүзеге асуы мемлекеттік тұрақтылықтың басты кепілі екені айтылды.

Жиын соңында қатысушылар жаңа Конституцияны өткенді саралап, болашаққа нық қадам жасауға мүмкіндік беретін стратегиялық таңдау ретінде бағалап, ортақ байламға келді.
#Астана, #жастар, #студент, #Конституциялық реформа