Бесқарағай ауданында «Конституцияны – бірге үйренейік» атты квест ойыны өтті

Бесқарағай ауданында «Конституцияны – бірге үйренейік» атты квест ойыны өтті

Бесқарағай аудандық жастарының ұйымдастыруымен «Конституцияны – бірге үйренейік» атты зияткерлік квест ойыны өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың Конституцияға деген қызығушылығын арттыру, құқықтық сауаттылығын дамыту және конституциялық реформалардың мазмұнын интерактивті форматта түсіндіру болды.

Квестке аудан жастары белсенді қатысып, бірнеше командаға бөлініп, арнайы дайындалған кезеңдер бойынша тапсырмаларды орындады. Қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциясына қатысты сұрақтарға жауап беріп, құқықтық жағдаяттарды талдап, логикалық және шығармашылық тапсырмалар арқылы өз білімдерін сынады.

Іс-шара барысында конституциялық өзгерістердің елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы және әділетті қоғам қалыптастырудағы маңызы кеңінен түсіндірілді. Квест форматы теориялық білімді тәжірибелік тапсырмалармен ұштастыруға және жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

– Бұл квест бізге Конституция баптарын жай ғана жаттап қана қоймай, олардың өмірдегі нақты маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді. Тапсырмалар мазмұнды әрі қызықты ұйымдастырылған. Осындай форматтағы іс-шаралар жастардың құқықтық білімін арттырып қана қоймай, ел тағдырына деген жауапкершілігін күшейтеді деп есептеймін. Баршаңызды 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырамын, – деді Тілек Құрметұлы.

Айта кетейік, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. 15 наурыз күні жаңа заңның қабылдануы бойынша республикалық референдум өтеді.

Іс-шара соңында белсенділік танытқан командалар марапатталып, қатысушыларға естелік сертификаттар табысталды.

Аталған квест ойыны жастардың құқықтық мәдениетін нығайтуға, Конституцияның қоғам өміріндегі рөлін терең түсінуге және ел дамуына жауапкершілікпен қарайтын белсенді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.


#жастар, #Бесқарағай, #Конституциялық реформа