Еңбек адамының мүддесі басты назарда: «СемАЗ» ұжымы жаңа Конституцияны бірауыздан қолдады

Еңбек адамының мүддесі басты назарда: «СемАЗ» ұжымы жаңа Конституцияны бірауыздан қолдады

Абай облысының өңірлік коалиция өкілдері Алтай Дюсупов, Съезбек Ахметов және Ермек Әбілмәжінов «СемАЗ» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу өткізді.  Кездесу барысында коалиция мүшесі Алтай Дюсупов жаңа Конституция жобасында еңбек адамдарының құқықтарына ерекше мән берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, құжат «Әділетті Қазақстан» қағидатына негізделіп, ең алдымен заң үстемдігін қамтамасыз ету арқылы әрбір азаматтың, соның ішінде еңбек адамының құқығын қорғауды көздейді.

Жобада еңбек құқықтары әлеуметтік кепілдіктермен тығыз байланыстырылып, еңбек ету құқығы әлеуметтік әділеттілік, қауіпсіздік және теңдік қағидаттарымен ұштасқаны айтылды. Бұл өндіріс орындарында жұмыс істейтін азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтіп, тұрақты әрі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар дербес деректердің қауіпсіздігі, жеке өмірге қол сұқпаушылық және білікті заң көмегіне кепілдіктің нығаюы да еңбек адамдарының мүддесін қорғауға қызмет ететіні атап өтілді. Өңірлік коалиция мүшесі Съезбек Ахметов ұжымды жаңа Конституция жобасын бірауыздан қолдауға шақырды. Өз кезегінде «СемАЗ» ЖШС ұжымы белсенді азаматтық ұстаным танытып, Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын қолдайтындарын мәлімдеді. Олар бұл құжатты мемлекеттің прогрессивті дамуына, құқықтық және әлеуметтік кепілдіктердің нығаюына бастайтын маңызды қадам ретінде бағалайтынын жеткізді. 

Зауыт отандық автокөлік өндірісін кеңейту, жаңа технологияларды енгізу және бәсекеге қабілетті өнім шығару бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгінде «СемАЗ» ЖШС ұжымы 400-ден астам білікті маманды біріктіреді. Кездесу соңында зауыт басшысы коалиция өкілдеріне алғысын білдіріп, 15 наурыз күні кәсіпорын ұжымы бірлесіп қолдау көрсететіндерін хабарлады.


#Еңбек адамы, #жұмысшы, #өндіріс, #Конституциялық реформа