Халық кеңесінің құрылуы Қазақстандағы демократия мен бірлікті нығайтады

Халық кеңесінің құрылуы Қазақстандағы демократия мен бірлікті нығайтады

Азаматтар Халық кеңесі арқылы заң қалыптастыру үдерісіне белсенді қатысатын болады. Конституциялық комиссияның екінші отырысы аясында Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров Қазақстанда өкілдік билікті нығайтуға және демократиялық институттарды дамытуға бағытталған негізгі бастамалар туралы баяндады. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер өкілдік биліктің тиімді моделін қалыптастыруға және елде жаңа саяси тепе-теңдікті орнатуға мүмкіндік береді.

«Жоғары өкілдік орган — Құрылтай — ұсыныстарды қолдау тетігіне ие болады, палаталарды біріктіру конституциялық жолмен жүзеге асырылады, ал билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер қайта бөлінеді. Бұл өкілдік биліктің тиімді моделін қамтамасыз етіп, саяси тепе-теңдіктің жаңа жүйесін қалыптастырады», — деді Нұрлан Бекназаров.

Сенат депутаты Президенттің жаңа консультативтік орган — Халық кеңесін құруды ұсынғанын атап өтті. Аталған орган қоғамдық бірлестіктерді, мәслихаттарды, өңірлік кеңестерді және этномәдени орталықтарды біріктіреді.

Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, Халық кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайдың құқықтық мұрагері болады, ал оның қызметі конституциялық деңгейде бекітіледі.

Сондай-ақ депутат жаңа органға заң шығару бастамасы құқығы берілетінін айтты. Бұл құқыққа заң жобаларын енгізу және республикалық референдум өткізу жөнінде ұсыныс жасау кіреді. Мұның барлығы қоғам мен өңірлердің дамуына қатысты маңызды мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді.


#Ұлттық Құрылтай, #Конституциялық реформа