Коалиция мүшелері «Alikhan Bokeikhan University» ұжымымен кездесті
Жалпыұлттық коалицияның Абай облыстық филиалы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Кезекті кездесу «Alikhan Bokeikhan University» ұжымымен өтті. Жиын барысында Жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар таныстырылып, оның негізгі бағыттары мен маңызы кеңінен түсіндірілді. Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық коалиция мүшесі Олжас Нұралдинов және коалицияның өңірлік филиалының мүшесі Айрат Базенов қатысты.

Спикерлер Конституциядағы жаңашыл бастамалардың елдің орнықты дамуына, азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, Конституция тек құқықтарды ғана емес, азаматтардың міндеттерін де айқындайтыны ерекше айтылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабында: «Әр адам Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi», – деп нақты көрсетілген.

Спикерлердің айтуынша, бұл норма қоғамдағы өзара жауапкершілік қағидатын бекітеді. Яғни, әрбір азамат өз құқықтарын пайдалана отырып, өзгенің де құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарауы тиіс. Мұндай теңгерім құқықтық мемлекет құрудың маңызды шарты болып табылады. Кездесу барысында қатысушылар Конституциялық реформалардың мазмұнына қызығушылық танытып, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі азаматтық жауапкершіліктің рөліне қатысты пікір алмасты. Жалпыұлттық коалиция алдағы уақытта да өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, қоғаммен ашық диалог алаңдарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
#Абай облысы, #Әлихан Бөкейхан, #Конституциялық реформа