Қоғамдық сананың жаңғыруы – жаңа дәуірдің басты талабы

Қоғамдық сананың жаңғыруы – жаңа дәуірдің басты талабы

Бүгінгі әлем қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Уақыттың таңдауы бізді мүлде жаңа дәуірге жетеледі. Бұл дәуір тек сыртқы формалардың ауысуымен емес, ең алдымен, мазмұнның, көзқарастың және қоғамдық сананың түбегейлі жаңаруымен сипатталады. Қалыптасқан құрылымдар мен ескі тәсілдер жаңа талаптарға жауап бере алмайтыны анық байқалды. Сондықтан біз жаңа негіз қалыптастыру қажеттігін терең түсіндік,-дейді Абай облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, журналист Вера Кропачева.

Қазіргі таңда ұсынылып отырған құжат әзірге жоба күйінде. Бұл – оның маңызын төмендетпейді, керісінше, оған барынша жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Мұндай құжаттар үстірт қабылданбауы тиіс. Олар қоғамның барлық қабатында жан-жақты, ашық әрі қатаң талқылаудан өтуі қажет. Себебі сөз тек бір кезеңнің емес, болашақ ұрпақтың тағдыры туралы болып отыр,-дейді ол.

Алайда талқылауды құжаттың жеке баптары мен формальды тұстарынан бастаудың өзі жеткіліксіз. Ең алдымен, қоғамдық сананың трансформациясына назар аударуымыз керек. Қоғам бұл құжаттың не үшін ұсынылып отырғанын, оның түпкі мақсаты қандай екенін анық түсінуі тиіс. Егер адамдар бұл бастаманы тек кезекті ресми құжат ретінде қабылдаса, онда оның өміршеңдігі мен тиімділігіне күмән туындайды.

Бұл құжат – белгілі бір топтың немесе жекелеген құрылымдардың мүддесі үшін емес. Ол – біз үшін, ең бастысы, болашақ ұрпақ үшін қажет. Сондықтан әрбір азамат оның мән-мағынасын сезініп, өз жауапкершілігін ұғынуы тиіс. Қоғамдық санадағы өзгеріс қағаз жүзіндегі реформадан әлдеқайда маңызды,-дейді қоғамдық кеңес мүшесі.

Нарративтер мәселесіне келетін болсақ, оларды қайта-қайта тізбектеп, сөз жүзінде ғана айту міндетті емес. Негізгі нарративтер өмірдің өзінен туындады. Олар адамдардың күнделікті тәжірибесі, қоғамдағы нақты өзгерістер және осы құжатпен ұзақ әрі жүйелі түрде жұмыс істеген комиссияның еңбегі арқылы айқындалды. Бұл — жасанды түрде ойлап табылған ұрандар емес, уақыттың өзі қалыптастырған құндылықтар. Сондықтан бүгінгі міндет – сол нарративтерді дұрыс түсініп, қоғамға шынайы түрде жеткізу. Ашық диалог, сенім және ортақ жауапкершілік арқылы ғана біз көздеген мақсатқа жете аламыз. Қоғамдық кеңестердің, сарапшылардың, азаматтық қоғам өкілдерінің рөлі дәл осы жерде ерекше маңызды.

Жаңа дәуірге қадам басу үшін тек жаңа құжат қабылдау жеткіліксіз. Ең бастысы – ойлау жүйесін, қоғамдық сананы өзгерту. Сонда ғана ұсынылып отырған бастамалар өміршең болып, елдің ұзақ мерзімді дамуына нақты үлес қоса алады,-дейді журналист.


#Конституциялық реформа